Бөкей ордасы ауданы — Батыс Қазақстан облысы құрамындағы аудан. Аудан құрамында 7 ауылдық округ бар. Бөрлі, Бисен, Мұратсай, Ұялы, Саралжын, Сайқын және Хан Ордасы ауылдары бар. Ауданның көпшілік бөлігін Нарын құмы алып жатыр. Халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

20 ғ. бас кезінде Бөкей Ордасы көптеген өзгерістерді басынан өткерді.

1925 жылы Бөкей губерниясы таратылып, Орал губерниясының құрамына енгізілді. 1928 жылы Бөкей уезінің аты Орал облысының Орда ауданы болып өзгертілді. Осы уақыттан бастап Бөкей ордасы атауы жойылды.

2001 жыл ордалықтар үшін екі бірдей қуаныш әкелді. Оның бірі — Тәуелсіздіктің 10 жылдығы болса, екіншісі — Орданың 200 жылдығына орай Бөкей Ордасы атауы қайтарылып берілді.

Кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігінде орналасқан шежіресі бай, табиғаты сұлу өлке - Бөкей ордасы ауданы. 19 ғ. мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өлкенің тарихы тереңнен бастау алады.

Орда — талантты ұлы тұлғалардың мекені. Осы өлкеден қазақтың белгілі күйшілері Құрманғазы, Дина, Сейтек, Науша, домбырашылар Ж. Теміралиев, Е. Қазиев, Халық артисі, актриса Х. Бөкеева, қазақтың тұңғыш дирижері Ш. Қажығалиев, халық композиторлары Б. Жұманиязов, М. Сағатов, медицина саласының озық қызметкерлері А. Герасимов, Х. Бөкейханов, білім беру ісінің үздіктері Ғ. Зарипов, М. Кульбацкая, Орда музейін ұйымдастырушы А. Тажетдинов, ауыл шаруашылығының озаттары К. Меңдәлиев, Р. Егізбаев, ақындар Т. Жароков, С. Даумов, Қ. Жұмағалиев, т.б. шықты.