Кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігінде орналасқан шежіресі бай, табиғаты сұлу өлке - Бөкей ордасы ауданы. XIX ғасырда мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өлкенің тарихы тереңнен бастау алады. 
1801 жылы Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан Орыс патшасына бос жатқан Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы атамекеніне көшіп - қоныстануға рұқсат сұраған өтініш жолдайды. Ресей императоры Павел I Бөкей сұлтанның өтінішін қабыл алып, 1801 жылдың 11 наурызында "Қырғыз - Қайсақ Кіші ордасының Хан кеңесінің төрағасы Бөкей сұлтан Нұралы хан ұлын өзіме ризашылықпен қабылдаймын, өзі қалаған жеріне көшіп жүруіне рұқсат етемін және менің рахым етуімнің белгісі ретінде қара лентамен мойынға тағатын өз суретім бар алтын медаль тағайындаймын" деген жарлық-рескриптісін шығарады. Сол жылдың күзінде Бөкей сұлтан өзіне қарасты 5 мың түтін ауылымен Жайықтың ішкі бетіне көшіп-қоныстанады. Тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесі осылай қаланады. 
1806 жылдың 19 мамырында Патшалық Үкіметтің арнайы жарлығымен хандықтың территориялық көлемі 6500 мың десятина болып бөлінеді. Жарлықта: "Бөкей сұлтанның қол астындағы қазақтарға Үлкен және Кіші өзендерінен Богда тауларына дейін, одан Чапчачи арқылы Дудацк немесе Телепнев ватагаларына және теңізге дейін көшуге рұқсат беріледі" деп көрсетіледі. 
1808 жылы 17 шілдеде Бөкей хандығы Астрахан әскери губернаторының және Орынбор шекара комиссиясының құзырына бағынышты болып бекітіледі. 
1812 жылы Александр I патшаның арнайы жарлығымен Бөкей сұлтан Ішкі Қазақ ордасының ханы болып тағайындалады. Бөкейді ақ киізге көтеріп хан сайлау Орал қаласының маңындағы тоғайда өтеді, кейін ол жер "Хан тоғайы" деп аталады. 1815 жылдың 21 мамырында Бөкей хан қайтыс болады. Тақ мұрагері Жәңгір жас болғандықтан, хан тағына уақытша сұлтан Шығай Нұралы хан ұлы отырады. 
1823 жылы Жәңгір Бөкейұлы хан тағының мұрагері болып танылып, 1824 жылы 22 маусымда "Хан тоғайында" ақ киізге көтеріліп, хан сайланады. 
Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік - шаруашылық жағдайы қалыптасып, нығайған тұсы 1823 - 1845 жылдары Жәңгір хан басқарған кезең болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Жәңгір Ресей үкіметінің көптеген наградаларымен марапатталып, алтын тәжбен безендірілген I дәрежелі Әулие Анна орденінің кавалері атанып, генерал - майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы.

Жәңгір 1924 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді. Фатима европаша білім алған, тілдерді жетік меңгерген, би, музыкаға жақын болатын. 
1926 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатима ханшамен Орыс патшасы Николай I-нің таққа отыру рәсіміне шақырылады. Мәскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманың білімділігі мен мәдениеттілігіне орыс интеллигенциясы, Фатиманы биге шақырған Николай патшаның өзі де, оның орысша таза сөйлеп, билегеніне тәнті болады. 
1927 жылы Жәңгір хан патшаға ерекше шеберлікпен жасалған киіз үй сыйға тартады. 1929 жылы императрица Александра Федоровна Фатима ханшаға бразилия топаздарымен безендірілген алтын диадема, тарақ және сырға сыйлайды. 
Жәңгір ең алдымен қазақтарға ыңғайлы әрі тиімді тұрмыстың үлгісі етіп, 1827 жылы Нарын құмының Жасқұс деген жеріне Хан сарайын салдырады. Жәңгірден үлгі алған би - сұлтандар, кейін қарапайым халық үй тұрғызып, Хан ставкасы саяси-экономикалық маңызға ие орталыққа айналады. 
1828 жылы өз үйінің бір бөлмесіне әулеттік - династиялық құнды заттарды, ат әбзелдерін, жауынгер қару - жарағын жинастырып, қару - жарақ палатасын ұйымдастырады. Бұл - қазақ жерінде ашылған тұңғыш музей болатын. 
Жәңгір өз қоластындағы халқының денсаулығына да үлкен көңіл бөліп отырған. 1825 жылы С.Жәнібеков деген қазақты шешекке қарсы екпе жұмысын жүргізуді үйрену үшін оқуға жібереді. 1826 жылдан бастап Ордада шешек ауруына қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. 1832 жылы Жәңгір ханның шақыртуымен Хан ставкасына дәрігер А.А.Сергачев келеді. Кейін 1839 жылы тұңғыш дәріхана ашылады. Осы кезеңдерде Ордада В.Ф.Евланов, Пупорев, т. б. дәрігерлер қызмет атқарады. 1852 жылы Ордада 16 кереуеттік қоғамдық аурухана ашылады. Бүл аурухана күні бүгінге дейін сақталып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. 
1832 жылы хан Жәңгір халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, сауда - саттық саласын дамытып, жолға қою мақсатында жәрмеңке ұйымдастырады. Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіліп, оған Ресейдің Саратов, Мәскеу, Новгород, т.б. губернияларынан саудагерлер келген. 1846 жылы көктемгі жәрмеңкеге 3883 адам қатысса, 1851 жылғы тауар айналымы 1,5 миллион күміс ақша құраған. 
Жәңгір бөкейлік қазақтардың өз дінін жоғалтпай, сақтап қалуы үшін 1835 жылы өз үйінің ауласына ерекше архитектуралық үлгімен мешіт салдырады. Ел ішінде оны "Хан мешіті" деп атаған. 
Хан Жәңгір Бөкей ордасындағы мал басының санын көбейтіп қана қоймай, оның тұқымын асылдандыруға, әсіресе, жылқы малына үлкен мән береді. Хан ставкасында, Ресейдің Орск, Элиста қалаларында ат көрмелері өткізіліп, ат жарыстары ұйымдастырылып тұрады. 
Бөкей ордасы тарихында маңызды орын алатын оқиға - И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған 1836-1838 жылдардағы халық көтерілісі. Бүл - патша әкімшілігі мен хан-сұлтандарға қарсы көтерілген халықтың азаттығы үшін бастаған бой көтеруі болды. 
1840 жылы Жәңгірдің шақыртуымен Ордаға ветеринар К.П.Ольдекоп келеді. Осында қазақ жеріндегі түңғыш ветеринарлық бөлім ашылып, алғаш мал ауруларына қарсы екпе, тәжірибе - зерттеу жұмыстары қолға алынады. 
Ел болашағының білімде екенін түсінген Жәңгір 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласындағы ең түңғыш қазақша - орысша білім беретін мектеп ашады. Бұл мектептен есімі елге танылған талай тұлғалар білім алды. Солардың бірі - қазақтан шыққан ғалым - этнограф Мұхамедсалық Бабажанов. Оның қазақтар жөніндегі зерттеулері, тарихи мұралары туралы басылымдары жоғары бағаланып, 1862 жылы Орыс географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталады. Жәңгір мектебінен білім бастауын алған жүзден астам ғалым - зерттеушілер, Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академиктер шықты. 
Кезінде Жәңгірдің өзі де Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған маңызды қолжазбаларды сыйға тартады. Оның ағартушылықты таратуға деген еңбегін құрметтеп, 1844 жылы университеттің ғылыми кеңесі Жәңгірді "Қазан университетінің құрметті мүшесі" етіп сайлайды. Жәңгір орыс басылымдарын, газет-журналдар, әртүрлі кітаптар алдырып, бай кітапхана қорын жинақтаған. Оның үйіндегі жеке кітапханасында "Северная пчела", "Отечественные записки", "Современник" басылымдары, Шинкелдің "Архитектура XIX ст.", Гогольдің "Мертвые души" кітаптары болған. 
Хан Жәңгір Бөкей ордасына келген ғалым - зерттеушілерді ерекше құрметпен қабыл алған. Осы өңірде болған Г.С.Карелин, В.И.Даль, т.б. хан үйінің қонақжайлылығына ризашылықтарын естелік - зерттеулерінде жазып көрсетеді.Бұлардан басқа Бөкей ордасында 100 - ден астам орыс және шетел зерттеушілері болған. 1842 жылы Жәңгірдің өтінішімен белгілі картограф, Орыс географиялық қоғамының мүшесі Я.В.Ханыков Бөкей ордасының территориялық картасын жасайды. Сол кездегі хандықтың құрамына қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталовка, Жаңғала, Орда аудандары, Атырау облысының Махамбет, Құрманғазы аудандары, көршілес Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданының, Астрахан облысы Құмөзек, Володар, Қарабайлы аудандарының бір бөлігі енген. 
1841 жылы Хан ставкасы мен Черный Яр қаласының аралығына пошта - телеграф байланысы орнатылады. 
1845 жылы 11 тамызда Бөкей ордасының саяси, мәдени, экономикалық жағынан дамуына жол бастап, бұл өлкенің басқару ісіне көптеген өзгерістер енгізген ұлы реформатор, қазақ даласының ұлы жаңартушысы Хан Жәңгір Бөкейұлы қайтыс болады. 
Хан Жәңгір дүние салғаннан кейін Бөкей ордасындағы хандық басқару құрылымы жойылып, жаңа әкімшілік - Уақытша Кеңес құрылады. Уақытша Кеңес 1845 - 1917 жылдар аралығында билік жүргізеді. 
1860 жылы Бөкей ордасы 7 әкімшілік бөлікке бөлінеді. Олар: Тарғын, Қалмақ, Нарын, Қамыс - Самар, Талов қисымдары және I, II Теңіз жағалауы округтері. Әрбір әкімшілік бөлікті әкім - правительдер басқарады. 

1862 жылы Хан Ставкасында кітапхана ашылады. Кітапхана қорында О.Бальзактың, У.Шекспирдің, Г.Гюгоның, Т.Шевченконың кітаптары, сондай - ақ Ресейдің басылымдары болған. 
Хан жәрмеңкесіндегі сауда саласының дамуына байланысты, ақша капиталын реттейтін әрі сақтайтын орын "Казначейство" мекемесі 1867 жылы ашылып, банк қызметін атқарады. 
1869 жылы 5 адамнан тұратын өрт сөндірушілер командасы және жылжымалы обоз жасақталады. 1870 жылы Ресейден ауа - райын бақылайтын аспаптар әкелініп, метеорологиялық станция жұмыс жасайды. 
1832 жылы Жәңгірдің бастауымен отырғызылған Орда орманын мемлекет тарапынан қорғау 1890 жылдан бастап қолға алынады. 1908 жылы Орда орман шаруашылығы мекемесі жанынан питомниктер жасақталып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде - Нарын қарағайы дүниеге келеді. 
1908 жылы қазақ даласындағы ең түңғыш Оба індетіне қарсы күрес станциясы кұрылады. Бүл станцияда Халықтық денсаулық сақтау комиссарының орынбасары М.Шомбалов, оба індетін емдеуге маманданған дәрігерлер И.А.Деминский, А.Михайлов, кейін медицина ғылымының докторы Н.Доброхотова жұмыс жасады. 
1911 жылы қазақ баспасының қарлығаштарының бірі - "Қазақстан" газеті белгілі ақын Г.Қараштың ұйымдастыруымен Ордада басылып шығады. 
Қазақстандағы ең тұңғыш Ұлы Қазан революциясы орнаған жер - Орда болатын. 1918 жылы тұңғыш комсомол ұясы құрылады. 1918 жылы тұңғыш кеңестік баспахана ашылып, онда "Дұрыстық жолы", "Киргизская правда", т.б. газет - журналдар басылып шығады. 1918 жылы Ордада Қазақтың I үлгілі атты әскер полкі жасақталады. Осы кезеңдерде мәдени өмірге де көп көңіл бөлінеді. "Жігер" жастар ұйымы кұрылып, орыс, татар, қазақ труппалары, белгілі күйші М.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен ұлт - аспаптар оркестрі жасақталады. Белгілі драматург И.Меңдіхановтың пьесалары көрермен назарына ұсынылады. 
1941 - 1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдары Орда ауданы Қазақстандағы соғыс жағдайына келтірілген бірден - бір аудан болды. Ордалық 2000-нан астам азамат туған Отанын қорғауға аттанды. 
Соғыстан кейінгі кезеңде ел шаруашылығын көтеріп, нығайтуда аянбай еңбек еткен 25 ордалыққа Кеңес Одағының ең жоғарғы наградасы - Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 
Орда тарихының қасіретті беті - Капустин Яр полигоны. 1948 жылы полигонға берілген аудан аймағында жер асты, жер үсті сынақтары жүргізіледі. 1952 жылы ауданның 19 колхозы күшпен өзге аудандарға көшіріледі. 1990 жылдың мамырында Т.Махимовтың жетекшілігімен "Нарын" қоғамдық қозғалысы құрылады. 
Орда - талантты ұлы тұлғалардың мекені. Осы өлкеден қазақтың белгілі күйшілері Құрманғазы, Дина, Сейтек, Науша, домбырашылар Ж.Теміралиев, Е.Қазиев, Халық артисі, актриса Х.Бөкеева, қазақтың тұңғыш дирижері Ш.Қажығалиев, халық композиторлары Б.Жұманиязов, М.Сағатов, медицина саласының озық қызметкерлері А.Герасимов, Х.Бөкейханов, білім беру ісінің үздіктері Ғ.Зарипов, М.Кульбацкая, Орда музейін ұйымдастырушы А.Тажетдинов, ауыл шаруашылығының озаттары К.Меңдәлиев, Р.Егізбаев, ақындар Т.Жароков, С.Даумов, Қ.Жұмағалиев, т.б. шықты. 
XX ғасырдың бас кезінде Бөкей ордасы көптеген өзгерістерді басынан өткерді. 1925 жылы Бөкей губерниясы таратылып, Орал губерниясының құрамына енгізілді. 1928 жылы Бөкей уезінің аты Орал облысының Орда ауданы болып өзгертілді. Осы уақыттан бастап Бөкей ордасы атауы жойылды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, ел еңсесі көтеріліп, етек - жеңі жиналып, тарихымызға көз жіберіп, кім екенімізді таныдық. 2001 жыл ордалықтар үшін екі бірдей қуаныш әкелді. Оның бірі - Тәуелсіздіктің 10 жылдығы болса, екіншісі - Орданың 200 жылдығына орай Бөкей ордасы атауы қайтарылып берілді.