«Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» ҚР Заңынан суырма

35-бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала,  кент, ауыл,ауылдық округ әкiмiнiң құзыретi 

1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:

1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тиiстi аудандық (қалалық) әкiмдiктiң лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етедi;

2) азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;

3) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;

4) әкiм аппараты әкiмшiсi болып табылатын бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлеп, тиiстi мәслихаттың бекiтуi үшiн жоғары тұрған әкiмдiктiң қарауына енгiзедi;

4-1) әкiм аппараты әкiмшiсi болып табылатын бюджеттiк бағдарламаны әзiрлеу кезiнде жергiлiктi қоғамдастық жиналысының талқылауына жергiлiктi маңызы бар мәселелердi Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында көзделген бағыттар бойынша қаржыландыру жөнiндегi ұсыныстарды шығарады;

5) азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;

6) өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады;

7) аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң коммуналдық тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;

8) шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;

9) өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

10) әдiлет органдары жоқ жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нотариаттық iс-қимылдар жасауды, азаматтық хал актiлерiн тiркеудi ұйымдастырады;

11) тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

12) табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтiк көмек көрсету жөнiнде ұсыныс енгiзедi, жалғызiлiктi қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйiнде қызмет көрсетудi ұйымдастырады;

12-1) қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметiнiң есебiнде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етедi және өзге де әлеуметтiк-құқықтық көмек көрсетедi;

12-2) мүгедектерге көмек көрсетудi ұйымдастырады;

12-3) қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастырады;

12-4) дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзудi ұйымдастырады;

12-5) мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп, мәдени-бұқаралық және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;

12-6) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмек көрсетудi үйлестiредi;

12-7) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына қайырымдылық көмек көрсетудi үйлестiредi;

12-8) ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;

13) жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;

14) қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;

14-1) шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрiгерлiк көмек көрсететiн таяу жердегi денсаулық сақтау ұйымына дейiн жеткiзiп салуды ұйымдастырады;

15) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;

16) шаруашылықтар бойынша есепке алуды жүзеге асырады;

17) жергiлiктi бюджеттi бекiту (нақтылау) кезiнде қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады;

18) республикалық маңызы бар қалада, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан мәдениет мекемелерiн қоспағанда, мектепке дейiн тәрбие беретiн және оқытатын ұйымдардың, мәдениет мекемелерiнiң қызметiн қамтамасыз етедi;

19) өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;

20) елдi мекендердi абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;

21) туысы жоқ адамдарды жерлеудi және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиiстi қалпында күтiп-ұстау жөнiндегi қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;

22) кәсiпқой емес медиаторлардың тiзiлiмiн жүргiзедi.

1-1. Кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң құзыреттерiне аудан орталығымен көлiк қатынасын ұйымдастыру жөнiнде аудандық атқарушы органға ұсыныстар енгiзу, сондай-ақ ауылдық жерде оқушыларды мектепке дейiн және кейiн қарай тегiн жеткiзiп салуды ұйымдастыру да жатады.

1-2. Облыстық маңызы бар қалада аудандар болмаған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көзделген функцияларды облыстық маңызы бар қаланың әкiмдiгi жүзеге асырады.

1-3. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмдерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:

1) басқаруына берiлген аудандық коммуналдық мүлiктi жеке тұлғаларға және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға кейiннен сатып алу құқығынсыз мүлiктiк жалға (жалдауға) бередi;

2) берiлген коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындар қызметiнiң басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетiлетiн қызметтерiнiң) мiндеттi көлемдерiн айқындайды;

3) берiлген коммуналдық мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;

4) берiлген аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;

5) жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен бекiтiлетiн, басқаруына берiлген аудандық коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынның жылдық қаржылық есептiлiгiн келiседi;

6) басқаруына берiлген коммуналдық қазыналық кәсiпорындар өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын белгiлейдi;

7) берiлген аудандық коммуналдық мемлекеттiк мекемелердiң жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылуының жеке жоспарларын бекiтедi;

8) кiрiс көздерiн қалыптастырады;

9) бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi органда әкiмдердiң жергiлiктi өзiн-өзi басқару функцияларын iске асыруына бағытталатын ақшаны есепке жатқызуға арналған, жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының ашылуын қамтамасыз етедi;

10) бюджет қаражаттарын үнемдеудiң және (немесе) Қазақстан Республикасының жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы заңнамасында көзделген түсiмдердiң есебiнен еңбек шарты бойынша қызметкерлер қабылдайды;

11) жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысында келiсiлгеннен кейiн жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың ақша түсiмдерi мен шығыстары жоспарын бекiтедi;

12) мемлекеттiк мекемелердiң өздерiнiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекiтедi.

2. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң құзырына Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге де мәселелердi шешу жатқызылуы мүмкiн.

3. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi өзiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша өзiне жүктелген мiндеттердiң iске асырылуы үшiн жоғары тұрған әкiмнiң, аудандық (облыстық маңызы бар қалалық), республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының алдында жауап бередi.