рисунок

 «Жайық Пресс» медиахолдингі ұйымдастырған «Туған жер» этно-мәдени жобасы Бөкей ордасы ауданында жалғасын тапты. Соның аясында медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов, «Орал өңірі» газетінің арнайы тілшісі Есенжол Қыстаубаев аудандық мәдениет үйінде ардагерлермен кездесті.

Рауан Сәбитұлы кездесуде өңірлік және аудандық басылымдардың безендірілуін жаңалау, журналистердің тың тақырыпты көтеру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, оқырмандардың ұсыныс-пікірін күтетінін айтты. Шарада ардагер-журналист Амантай Хамзин өлкетану бағытындағы материалдар жергілікті газетте көбірек көрініс табуы қажет екенін, мақалалардың жанрлық ерекшеліктерін түрлендірудің маңызын тілге тиек етсе, ардагер-ұстаз Ноқаш Қадимов сын бағытында қалам тартуды ұсынды. Аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Нәсіп Нүркенова жастар арасындағы семіздіктің белең алып бара жатқанын, аудан тұрғындарының қант диабетіне шалдығу дерегі көбейіп тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, «Дәрігер кеңесі» секілді жаңа айдарды ашу қажеттігін айтты. Кездесуде аудандық балалар және жасөспірімдер туризмі орталығы басшысының орынбасары Сәрсенбай Қуаншалиев кітап оқу мәдениеті төмендеп, қазақ тілінің заңдылығын бұзып сөйлеу қоғамда сәнге айналып бара жатқаны жөнінде толғамды ойымен бөлісті. «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитов айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін айтты. «Туған жер» этномәдени жобасы аясында оқырманмен кездесу басқа мекемелерде де ұйымдастырылды. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин М-С.Бабажанов атындағы мектептің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қазіргі қоғамымызды алаңдатқан діни ахуал, ауылдан қалаға жаппай көшу, яғни, урбанизация жайы, педагогтардың мәртебесі және тағы басқа мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды. Ал «Приуралье» газетінің редакторы Роза Сыйықованың аудандық аурухана ұжымымен кездесуінде жастардың мамандық таңдаудағы ата-ана рөлі, кәсіптік бағдар беру, мектептегі оқулықтар мен реформалар, ұстаз мәртебесі мен урбанизация, ауыл қазақтарының жалқаулығы сөз болды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде осы шараларды қорытындылаған гала-концерт өтті. Салтанатты шара аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың қонақтарға қошемет сөзінен бастау алды.

– Облыстық және аудандық басылымдар әрқашанда төрімізден орын алады. Аудан тұрғындарының аталмыш шараға көптеп жиналуы – осы құрметтің көрінісі десе болады. Басылым беттерінен көрінер жарқын істеріміз туралы мақалалар көп болсын, – деген тілегін білдірді Нұрлан Сағынтайұлы.

Өз кезегінде сөз алған медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитұлы: – Облыс көлемінде ұйымдастырылған этно-мәдени жоба аясында кешелі бері Қазталов, Жәнібек аудандарында болып, қалың жұртшылықпен кездестік. Бүгін Нарын топырағының аға буынымен арнайы кездесу өткіздік. Ардагерлер ағаларымыздың газеттің тұрақты да, негізгі оқырмандары екенін баса атап айту керек. Осы аға буын оқырмандарымыздың айтар сыны да, ойы да, көтерген мәселе, айтқан ұсыныстары да орынды. Алдағы уақытта басылым беттерінде көрініс табатын болады, – деді. Бұдан әрі Рауан Сәбитұлы облыстық және аудандық басылымдарға қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімдеріне және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны БҚОФ Бөкей ордасы өндірістік учаскесінің басшысы Махамбет Кенжеғалиевке, «Батыс Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ аудандық филиалының директоры Самат Оңаев, аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисановқа және білім беру мекемелерінің басшыларына алғыс хат табыстады. Облыстық және аудандық газеттердің таралуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер – Бисен ауылы, Көктерек елді мекенінің ауылнайы, «Заман» ШҚ жетекшісі Сағындық Сәрсеновке, бисендік жеке кәсіпкер Әспет Ахтароваға және аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бибігүл Жұмағұловаға алғыс хатпен бірге 100 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Басылымдардың дер кезінде оқырман қолына жеткізілуін қамтамасыз етіп жүрген пошта қызметкерлері Біржан Сыдықова мен Роза Ишанғалиева марапатталды.

Газетті тек оқып қана қоймай, өз ойларымен бөлісіп, ұдайы хат жолдап отыратын тұрақты оқырмандар Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева, аудандық тарихи музей кешені директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева, осы музей кешеннің бөлім меңгерушісі Гүлмару Мырзағалиева мен ғылыми қызметкері Мира Құтышева, еңбек ардагерлері Чарльз Қойшыбаев пен Есенболат Шәпенов, Қ.Сағырбаев мектебінің мұғалімі Шыңғыс Ромашев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Исатай Құрмашевқа облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі куәліктерін тапсырды. 
Қауырсын қалам иелері де куәліксіз қалмады. Тырнақалды мақалаларын жариялап, басылыммен байланыс орнатып үлгерген М.Мәметова мектебінің оқушысы Диана Жексен, М-С.Бабажанов мектебінің оқушысы Ділназ Жасқайратова, Жәңгір хан мектебінің оқушысы Аяулым Хамитова, Б.Жәнекешев мектебінің оқушысы Инабат Ғабдолла облыстық «Приуралье» газетінің редакторы Роза Сыйықованың қолынан «Аудандық «Орда жұлдызы» газетінің жас тілшісі» куәлігін алды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мектеп оқушылары «Ғажайып өлке» тақырыбында шығармалар байқауында бақ сынаған еді. Осы байқауға қатысқан 47 үміткердің ішінен баптары келісіп, бақтары озғандардың есімдері белгілі болды. Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы төрағалық еткен қазылар алқасына шығармалар нөмерленіп беріліп, шығарма иесі туралы сахнада жария етілді. Сонымен, Б. Жәнекешев мектебінің 8-сынып оқушысы Ақнұр Махамбет (жетекшісі Рая Кіршібаева), Жәңгір хан мектебінің 11-сынып оқушысы Талант Уәлиев (жетекшісі Айнұр Наурызова), М-С.Бабажанов мектебінің 10-сынып оқушысы Нұршат Мұханбетқалиева (жетекшісі Бұлбұл Құбаева) қарашада облыс орталығында алғаш рет өтетін «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Облыстан келген Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншілері Ақмарал Ахметова, Асланбек Қуаналиев, Ақмарал Кемелханова, Алтынбек Оразов, Дархан Құлбабаев әсем әннен шашу шашып, кештің шырайын ашты. Айта кетейік, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Зияш Зайнуллина көрермендер алдында аудандық басылымға жазылуға бастамашы болып, ірі жазумен басылған түбіртекке ие болды.

Түйіндей айтсақ, медиахолдингтің бұл мерейлі ісі тілші мен басылым тілекшілерінің мерейін көтерген шара болды.

рисунок

рисунок

рисунок

«Орда жұлдызы»