Батыс Қазақстан облысында 18-23 маусым аралығында өтіп жатырған "Жайықтың қасиетті орындары" атты республикалық өлкетанушылар форумы Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында жалғасты. 

Тұңғыштар мекеніндегі шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның қасиетті орындары тізіміне енген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен қатпарлы Нарын топырағының бай тарихын насихаттау, ішкі Орданың өркендеуіне зор үлесін қосқан хан Жәңгірдің игі істерін дәріптеу, әріптестер арасында тәжірибе алмасу болып табылады. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: - Еліміз ертеңгі күнге қанат жайып қарыштап даму үшін, өзіңнің өткен тарихың мен салт-дәстүріңді ұмытпауымыз қажет», - деген болатын. Өткен тарихты зерделеу, келер ұрпаққа қалдыру мақсатында шара аясында театрландырылған көріністер қойылып, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде арнайы жасақталған «Рухани жаңғыру» залы ашылуы салтанаты өтті. Одан әрі келуші қонақтардың қатысуымен «Музей тарихи нысан ретінде» тақырыбындағы «дөңгелек үстелмен» жалғасты.