Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Хан ордасы ауылында, осы ауылдың тумасы Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», Қазақстан Республикасына «Еңбек сіңірген жаттықтырушы», КСРО спорт шебері, Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» Жұбаныш Садырұлы Жәрдемовтың жүлдесі үшін қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Турнирге Орал қаласы, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы аудандарынан 90-ға тарта спортшы қатысты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аудандық демалыс орталығының ұйымдастыруымен ауылдық округтер мен аудандық мекемелер ұжымдары арасында «Әуезді ән, мәнерлі би» атты фестиваль өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектебінде аудандық ата-аналар және оқушылардың қатысуымен «Алтын ұя» атты отбасылар байқауы өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде аудандық демалыс орталығында Хан ордасы ауылдық округі көркемөнерпаздарының «Тәуелсіздікке тағзым!» атты концерттік бағдарламасы өтті. Ел Тәуелсіздігінің тарихи жылдарын қамтыған мерейлі шарада әуелеген ән, күмбірлеген күй төгілді.

Ауданымызда жыл бойы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған түрлі бағыттарды қамтитын  ауылдық, аудандық деңгейдегі көптеген мерекелік  іс-шара өткізу көзделген. 11 қараша күні ауданымыздың  демалыс орталығында  М-С.Бабажанов атындағы мектептің педагогикалық ұжымы ұйымдастырған   «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік концерті оздырылды.

9 қараша күні аудандық кітапханада «Тілге құрмет – елге құрмет» атты дөңгелек үстел оздырылды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында өткен бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова, М-С.Бабажанов, М.Мәметова атындағы білім ұяларының оқушылары мен Бөкей ордасы колледжі студенттері, еңбек ардагерлері Чарльз Қойшыбаев пен Күләш Байжұмашевалар, өзге де қоғамдық ұйым мүшелері, оқырмандар қатысты. Алдымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бейнефильм көрсетіліп, оқушылар мен колледж студенттері өз туындылары мен ақын өлеңдерінен үзінділер оқыды.

12 қараша күні Орал қаласында тұратын жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Шынар Хайрошева қайырымдылық айлығы аясында өзінің жеке дүкенінен әлеуметтік жағдайы төмен және жұмыссыз отбасыларына азық-түлік үлестіріп, сауапты іске бастамашы болды.