Бөкей ордасы ауданы әкімі Н.С. Рахымжановтың «Ауданның 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жылға арналған міндеттері туралы» аудан тұрғындары алдындағы есеп беру баяндамасының тезистері

Өткен жылда Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев  елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу стратегиясын жариялап, ол мақсаттың түпқазығы ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды.  Жыл соңында әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы саяси текетірестер орын алған күрделі кезеңде Елбасымыз «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жария етіп, орын алуы мүмкін экономикалық сын-қатерлердің алдын алу мақсатында еліміздің Жаңа Экономикалық саясатын белгіледі.    Елбасы Жолдауы аудан активі мен тұрғындары арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдауға ие болды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастауымен Жолдауды насихаттау және ондағы белгіленген міндеттерді аудан көлемінде жүзеге асыру бағытында  жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні партияның аудандық филиалының   11 бастауыш ұйымдарында  1271 партия мүшесі бар.  Өткен жыл ішінде партия қатарына 96 адам қабылданды.  2 партиялық конференция, 2 саяси бюро отырысы оздырылды. Қоғамдық қабылдауларда 42 тұрғын  болып,  соның   24-нің  қойған мәселесі оң шешімін тапты. Партияның аудандық филиалымен «Кедергісіз келешек», «Стоп, қылмыс»,  «Бақытты отбасы»,  «Жастар - Отанға» сынды халықтың әртүрлі топтары арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 12 жоба бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі қоғамымыздағы қауіпті дерттің бірі - сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар   «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған аудандық іс-шаралар жоспары»  негізінде ұйымдастырылды. Есептік кезеңде Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша аудандық комиссияның 3 отырысы, 2 арнайы семинар-кеңес  өткізіліп, аудандық газет беттерінде 15 мақала жарияланды.  Барлық жергілікті атқарушы органдарда жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен хаттарына арналған пошта жәшігі орнатылған, арнайы «сенім телефондары» жұмыс істеді.

2014 жылы ауданда әр салада атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңнің міндеттері туралы:

 

Қаржы саласы бойынша:

2014 жыл қорытындысымен аудандық бюджеттің кіріс бөлігі   2 млрд. 502 млн. 875 мың  теңгені құрап, жылдық жоспар 101,4%-ға орындалды. Бюджет шығыстары  2 млрд. 466 млн. 953 мың теңге немесе 99,9%  құрады.   Аудандық бюджетке 269 млн. 160 мың теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсіріліп, кіріс болжамы  111%-ға  орындалды, бұл өткен жыл көрсеткішінен 5,8% -ға жоғары.

«Дипломмен-ауылға»  бағдарламасы  бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұру үшін келген  әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсету мақсатында  25 маманға  3 млн. 326  мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп,    14 маманға  тұрғын үй алуға  36 млн. 807  мың теңге  бюджеттік несие берілді.   Соның ішінде, денсаулық сақтау саласы            мамандары - 5,  мәдениет және спорт саласы-2, білім беру - 30, әлеуметтік қамсыздандыру саласы мамандары -2.  Бұл қолдау шаралары жалғасын таба береді, 2015 жылға жас мамандарға  көтерме жәрдемақы төлеуге 3 млн 468 мың теңге, бюджеттік несиелендіруге 44 млн.  595 мың теңге қаржы қаралып отыр.

  

Ауыл шаруашылығы:

Ауданда ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен  3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік,  445 шаруа қожалығы айналысады. 2014 жылы аудан шаруашылықтарымен  2 889 тонна ет,  12 641 тонна сүт өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда өндірілген ет көлемі 7,3%-ға  өсті, сүт өнімі сол деңгейде сақталды.

2015 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша   57 080 бас ірі қара,  104 148 қой мен ешкі,  17 319 жылқы, 1 186 түйе малы  бар.   Түйе малынан өзге барлық түлік санында жақсы өсім бар. Атап айтқанда, өткен жыл көрсеткішінен, ірі қара малының саны - 20%, қой мен ешкі - 9,2%,  жылқы - 14,4%-ға  өсіп отыр.

Соның ішінде, шаруа қожалықтарындағы мал басы қарқынды өсуде. 2013 жылы  ірі қара малының аналығы 30 бастан асатын  134 шаруа қожалығы тіркелген, 2014 жылы бұндай орта-ірі шаруашылықтар саны 215 құрады.  Бұған қоса ауданда қой малының аналығы 600-ден асатын 16 шаруа қожалығы, жылқы малының аналығы 75 бастан жоғары 19 шаруа қожалығы бар. Шаруа қожалықтарына мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай  қолдаулар жасалуда. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы  бойынша   9 шаруашылық 99 миллион 195 мың теңге несие алып, ол қаржыға  21 бас асыл тұқымды бұқалар мен 513 аналық ірі қара малын сатып алды.  Мал шаруашылығын дамыту мақсатында аудан шаруа қожалықтарына  340 млн. 221 мың  теңге субсидия  көмегі төленді.

Ауданда 7 асыл тұқымды шаруашылық бар, соның ішінде  «Хан ордасы» ЖШС-гі айыр өркешті бактриан түйесін, қалған 6 шаруа қожалығы  қазақтың ақ бас сиырын өсіреді. Қазіргі уақытта тағы 2 ірі-қара, 2 қой және 3 жылқы асыл тұқымды шаруашылығын жасақтауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылы 97 шаруа қожалығы ірі қара малының селекция жұмыстарын жүргізіп, тұқымдық сапасын жақсарту бағытында барлығы 327 бас асыл-тұқымды бұқалар, 77 бас қашарлар сатып алды.

«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауданда 9  шебер -жоспар бойынша жұмыс жүргізілді. Есептік жылда 81 бас асыл тұқымды бұқалар сатып алынып, 2-і бордақылау алаңының («Есет», «Каукешев А.» ШҚ) құрылысы аяқталды,  2 шаруа қожалығының («Нарын», «Береке») асыл тұқымды қой шаруашылығын құру жоспары бойынша 2 жаңа қыстақ орындары салынды.

Аудан бойынша мал қыстағына қажетті 117 мың. тонна мал азығы толық дайындалды.

Ауданда 682 трактор, 405 тіркеме тіркелген. Есептік жылда шаруа қожалықтары 38 жаңа трактор сатып алды, соның ішінде 22-і лизинг әдісімен алынды.  Бұған қоса шаруашылықтармен жаңа 5 тіркеме,  25 шөп шабатын, буатын, тиейтін құрылғылар  алынды.

Малдардың жұқпалы ауруларының алдын алуға бюджеттен 62 млн. 509 мың теңге жұмсалып, жоспарланған шаралар толықтай атқарылды. 52 485 бас мүйізді ірі қара, 64 243 бас қой-ешкі малы бруцеллез ауруына   тексерілді. Нәтижесінде ауруға шалдыққан 1 568 ірі қара (3%), 129 бас қой (0,2%)  малы  анықталды.  Ауру малдар оқшауланып,  жойылды. Соның ішінде  306 бас ірі қара малының иесіне 15 млн. 234 мың теңге өтемақы төленді.

2014 жылы «Бөкей ордасы аудандық ветеринариялық станциясы» кәсіпорына  ауру малдарды ет комбинаттарына жеткізу үшін қажетті 2 Камаз автокөлігі, ауру малдарды өртеуге арналған арнайы құрылғы (инсиниратор)  алынды.

 

Шағын кәсіпкерлікті дамыту:

2015 жылдың 1 қаңтарына ауданда 812 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.   Салада жұмыс істейтіндер саны -1436 адам.     2014 жылы    шағын бизнес  субъектілерімен  2 млрд. 570 млн.  теңгенің өнімдері өндіріліп,  қызметі көрсетілді. Бюджетке        25 млн. 117 мың теңге төлемдер түсірілді.

Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа өндірістер мен қызмет көрсету орындарын ашуға жан-жақты қолдау жасалуда. Өткен жыл ішінде «Жұмыспен қамту-2020», «Кәсіпкер» сынды бағдарламалар арқылы      50  тұрғын  117 миллион 350 мың. теңге  несие қаржысымен қамтылды.  «Мурабах» бағдарламасы аясында  1 шаруа қожалығы 3 млн. 544 мың теңге несиеге ауыл шаруашылық техникасын алды.

«Бизнестің жол картасы - 2020»  бағдарламасы бойынша 2 жоба (пластикалық ыдыстағы су өндірісі және шаруа қожалығының қыстағын табиғи газбен қамту құрылысы)  дайындалып, аймақтық үйлестіру кеңесінің  оң қорытындысын алды,  бұл жобалар ағымдағы жылы іске асырылатын болады. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында 1 кәсіпкер 1 млн. 100 мың. тенгенің грантын иеленді.(Хан Ордасы ауылы тұрғыны Гумаров Рахметолла, пластикалық терезе және есік өндірісіне құрал жабдықтар алуға).

Есептік кезеңде ауданда жаңадан 1 пластикалық терезе жасау өндірісі, 12 азық-түлік дүкендері,  300 орындық тойхана, 6 орындық жеке қонақ үй іске қосылды.

 

Еңбек нарығы және әлеуметтік қорғау:

2015 жылдың 1 қаңтарына аудандағы экономикалық белсенді халық саны - 9964 адам,  жұмыссыз ретінде тіркелгендер-548, жұмыссыздық деңгейі    5,5 % құрайды. Кедей отбасылар  саны - 60  (254 мүшесі бар),  өткен жылмен салыстырғанда  1,6%-ға   азайып отыр.

Жыл ішінде 319 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, жылдық жоспар 117%-ға орындалды, соның ішінде  20-сы мүмкіндігі шектеулі жандар.

Әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жергілікті бюджеттен 3 млн. 296 мың, республикалық бюджеттен  11 млн. 341 мың теңге қаржы жұмсалып, жалпы саны 126 адам жұмыспен қамтылды.

Қоғамдық жұмыстарға тарту үшін  жергілікті бюджеттен 31 млн. 598 мың теңге қаржы жұмсалып, 411 тұрғын қоғамдық жұмыстарға  жұмылдырылды.

17 адам кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқытылып,  соның 8-і  жұмысқа орналастырылды, қалғандары оқуын жалғастыруда.

«Жұмыспен қамту-2020» жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының   «инфрақұрылымды дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету»  бағыты бойынша 2 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу жобасында  31 тұрғын жұмыспен қамтылды, 35 маман жастар практикасынан өтіп, соның 16-сы  тұрақты жұмысқа орналасты.

Аудан бойынша  539 мүгедек адам бар. Соның ішінде еңбекке қабілеттісі 152 адам,  бүгінгі күнге 72 мүгедек  жұмыспен қамтылған.  Өткен жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 4 «бос орындар жәрмеңкесі» өткізіліп, нәтижесінде 12 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы жыл бойына 20 мүгедек адам тұрақты қызметке орналасып, 17 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

 

Білім беру:

Ауданның білім беру жүйесінде 9 орта,  10  бастауыш мектеп, 1 кәсіптік колледж, 4 мектептен тыс тәрбие орталығы, 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі,   4 балабақша,  9 шағын орталықтар жұмыс жасайды.

Ауданда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қолдауға арналған «Балапан» бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда.  Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші  77,5 % құрап, өткен жыл деңгейінен 2,3% артты.  Есептік жылда Жиекқұм ауылында 20 орындық шағын орталық жаңадан ашылып, жұмысын бастады.

Жаңа оқу жылына Б.Жәнекешев және Т.Масин атындағы мектептер  ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді, 7 млн. 620  мың теңге жергілікті бюджет қаржысына білім ошақтарына жай жөндеу жасалды. 2015 жылы Қ.Сағырбаев, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептер мен Көктерек, Жамбыл бастауыш мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Білім беру мекемелерінің материалдық базасын нығайту бағытында «Жәңгір хан» мектебіне  химия кабинеті жабдықтары, аудандық туризм және экология орталығына жаңа УАЗ автокөлігі,  балалар техникалық - шығармалық орталығына робототехника құрал-жабдықтары, «Б.Жәнекешев» пен «Жәңгір хан» мектептеріне 26 жаңа компьютерлер, мектептерге  16 млн. 659 мың теңгенің оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары сатып алынды,  3 млн. 571 мың теңге қаржыға  жаңа жылыту қазандықтары  ауыстырылды.

Ауданда 5 жалпы білім беретін мектеп табиғи газбен жылытылады, қалған мектептер  қысқы маусымға қажетті сұйық, қатты отынмен толық қамтылды.

Өткен оқу жылында аудан мектептерін бітірген 219 түлектің 146-ы   (66,7 %) тестілеуге қатысты.   Соның ішінде 1 мектеп бітіруші «Алтын белгі»,  1 оқушы үздік аттестат иегері болды.  Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша ауданның жалпы орташа көрсеткіші  76,17 баллды құрап, 2013  жыл деңгейінен 7,6 баллға жоғарылады.  Мектеп бітірушілердің 35-і (16%)  жоғарғы оқу орындарының  мемлекеттік гранттарын иеленді.

Ағымдағы  оқу жылында  аудан мектептерінде  2 585 оқушы білім алып,    білім беру мекемелерінде 645  педагог еңбек етуде. Жаңа оқу жылында мектептер 22  жас маманмен толықты. Алайда, бүгінгі күнге ауданда математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша мамандар жетіспеушілігі сақталып отыр.

Ауданда 4 мектептер жанындағы жатақханаларда  220 бала тәрбиеленуде. Жатақханаларда балалардың алаңсыз оқуы мен білім алуы үшін  барлық жағдай жасалған.

Мектептер бойынша 2078-і оқушы немесе 80,4%-ы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған, соның ішінде тұрмысы төмен отбасы балалары мен бастауыш сынып оқушылары  толықтай бір мезгіл ыстық тамақ ішеді.

2014 жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 5 млн. 300 мың теңге қаржы бөлініп, аудан бойынша 2276 оқушы  немесе  1-10 сынып оқушыларының 99,8%-ы  демалыс және сауықтыру лагерлерінде демалды. Соның ішінде 88 оқушы облыс орталығы мен еліміздің басқа да қалаларына барып демалды, 81 оқушы көршілес Ресей Федерациясының Волгоград қаласына саяхатқа барды.

Бөкей ордасы колледжі автокөлік жүргізуші,  тракторшы,  аспаз, электрондық есептеу машинасының операторы және дәнекерлеуші мамандарын дайындайды.Колледжде 31 педагог жұмыс жасайды,  биылғы оқу жылында 118 студент білім алуда, соның 17-і  колледж жанындағы жатақханамен қамтылған. Өткен жылы оқу орны бітірген 64 түлектің  45-і мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты.   2014 жылдың желтоқсан айынан бастап мекеме теңгеріміндегі бос тұрған 2 қабатты ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, жатақханаға  айналдырылуда. Алдағы оқу жылында жөндеу аяқталған соң жатақхана сиымдылығы 31орынға дейін жетеді.

 

Денсаулық сақтау саласы:

Ауданның емдеу жүйесінде 1-аудандық аурухана,  3-дәрігерлік амбулатория,  4-фельдшерлік акушерлік пункт, 11-медициналық пункт қызмет көрсетеді,  29-дәрігер, 120-орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды.   Аудандық ауруханаға  рентгенолог, анестезиолог, акушер-гинеколог дәрігерлері жетіспейді.   Өткен жылы ауданға 4 дәрігер (хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, эпидемиолог, терапевт)  және  7 орта буын қызметкері келді.  Дәрігер жетіспеушілігін толықтыру мақсатында жұмыс жасап жүрген 13 дәрігерлер қайта даярлау, біліктілігін жетілдіру курстарында оқытылды.

2014 жылы дүниеге келген сәбилер саны - 295,  өлім көрсеткіші -133.  Емделіп шыққан науқас саны -  3115 адам, жылжымалы флюорографиядан тексерілгендер -4185.   6983 адам профилактикалық скринингтен өткізілді.

Мамандарды қолдау бағытында  1 дәрігер мен     1 мейірбике  қызметтік тұрғын-жаймен қамтылды.

Есептік жылда аудандық ауруханаға  4 УАЗ және 1 Газ жедел жәрдем автокөліктері, 1 лас суды соратын арнайы автокөлік алынды.

 

Мәдениет және спорт саласы:

Аудан бойынша 13 мәдениет үйлері мен клубтар, 11 спорт залдары және 22 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. 2014 жылы ауданда мәдениет, тілдерді дамыту және спорт саласындағы  қызметтерді ұйымдастыруға 122 млн. 860 мың теңге қаржы жұмсалды.

Есептік жыл ішінде ауданда  752  мәдени-көпшілік,  51 спорттық шаралар оздырылып, оларға сәйкесінше 65260 және 1158 тұрғындар қатысты.

15 ақпан - 1 наурыз аралығында ауданда «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасының іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Жоба барысында «дөңгелек үстелдер», ауылдық округтердің көрмелері ұйымдастырылып, арнайы концерттік бағдарламалар оздырылды, ауылдық округтер арасында достық эстафетасы  табысталды.

Қараша-желтоқсан айларында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар аясында  аудан орталығында  барлық ауылдық округтердің көркемөнерпаздар концерті қойылды.

Жыл бойы барлық мерекелік күндерге орай спорттық жарыстар тұрақты ұйымдастырылды.

  

Құрылыс және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын  дамыту:

2014 жылы Сайқын ауылында  7 бір пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы салынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді.

15 млн. 365 мың теңге  қаржыға  Сайқын ауылында  коммуналдық тұрғын үйлер салу үшін қажетті инженерлік желілер (газ, су, электр қуаты) тартылды.

Сондай-ақ, аудан орталығында А.Оразбаева және С.Сейфуллин көшелерінде  10 бірпәтерлік тұрғын үйлер құрылысының және  осы нысанға қажетті инженерлік желілер  құрылысы жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.

Ауданда  жалпы алаңы  2004 шаршы метрді құрайтын 23 жеке тұрғын үй салынды,  бұл көрсеткіш  2013 жыл салыстырғанда  22%  жоғарылап отыр.  Сайқын ауылында 31, Хан Ордасы ауылында 28 жеке тұрғын құрылысына қажетті инженерлік желілер құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды, құрылысы ағымдағы жылы жүзеге асырылатын болады.

Есептік жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 112 млн. 503 мың теңге қаржыға Бисен ауылының су құбырын қайта құру құрылысы іске асырылып, нысан пайдалануға берілді.

«Сайқын ауылындағы су құбырын реконструкциялау", «Бөрлі ауылындағы су құбырының құрылысы"  және «Бисен ауылдық округінің Көктерек ауылындағы су құбырының құрылысы" нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Соның ішінде, соңғы нысан бойынша құрылысқа қажетті қаржы 2015 жылға бөлініп отыр, нәтижесінде Бисен ауылдық округінің Көктерек және Жамбыл елді мекендері таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Бүгінгі күні ауданда 9 елді мекен табиғи газбен қамтылған, соның ішінде 5 ауылда барлық әлеуметтік объектілер толықтай табиғи газ желісіне қосылған.  Жеке тұрғындар үйлерінің табиғи газбен қамтылғаны 1564 үй немесе газ жеткізілген елді мекендердегі тұрғын үйлердің 73%-ын құрайды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасымен ауданның газбен қамтылмаған қалған барлық елді мекендері бойынша газ құбыры құрылысының   жобалық-сметалық құжаттары дайындалды,  газ құбыры құрылысын іске асыру  2016-2017 жылдарға жоспарланып отыр.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша 30 млн. 207 мың теңге қаржыға аудан орталығындағы  5 көп пәтерлік тұрғын үй жөндеуден өткізілді. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы да 4 кондоминимум нысанына жөндеу жасау жоспарланып отыр, тиісті техникалық құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік тіркелуден өтуде.

2014 жылы елді мекендерді абаттандыру бағытында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев атындағы саябақ жөнделіп, қоршалды, 1 балалар алаңы жасақталды,  2 көше жарықтандырылып, қатты қалдықтар төгетін орын жинақталды.

Сайқын ауылдық округі бойынша Жәрмеңке, Шоңай ауылдық клубтары жөндеуден өткізілді, Сайқын ауылында «Ардагерлер сквері» жасақталды, Жәрмеңке, Сейтәлі ауылдары мен Сайқын ауылының 4 көшесі жарықтандырылды.

Орда ауылдық округінде М.Өтемісов көшесі жарықтандырылып, 1 балалар алаңы жасақталды, 2 көше жолдары көтеріліп, жөнделді.

Ұялы ауылдық округінің Кеңой бастауыш мектебі күрделі жөндеуден өткізілді.

Саралжын ауылындағы 5 көшелер жолдары жөнделіп, көшелерге скамейкалар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

 

Қоғамдық қауіпсіздік:

2014 жылы ауданда 177 қылмыс тіркелді, бұл көрсеткіш  2013 жылмен (233)салыстырғанда 24%  төмендеді. Қылмыстың барлық түрлері бойынша төмендеу бар, ауыр және аса ауыр қылмыстар  27%-ға,  бөтеннің мүлкін ұрлау 39%-ға, соның ішінде: мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда  2 есе азайды.

Жыл ішінде 1336 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып,  576 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша 2 млн. 332  мың  теңге айыппұл салынды.

 

Аудан әкімінің 2013 жыл қорытындысымен тұрғындар алдындағы есепті кездесулері негізінде  жасақталған іс-шаралар жоспарының орындалуы: Жоспарға ауылдық округтер бойынша шешімін табуы тиіс 22 мәселе енгізілген болатын, соның  6-ы орындалды,  Бисен ауылында ауылішілік су құбыры салынды, «Б.Жәнекешев» және «Т.Масин» орта мектептері ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді, Сайқын, Бөрлі және   Көктерек ауылдарының су құбыры құрылысы нысандарының ЖСҚ дайындалды.

3 проблемалық мәселе бойынша шешімін табуы үшін іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда: Мұратсай ауылындағы  бөгетті жөндеу үшін «Қазсушар» республикалық кәсіпорыны теңгеріміне, Ұялы ауылындағы қоғамдық моншаны іске қосу үшін жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беріліп, тиісті құжаттар рәсімделуде. Сайқын ауылы тұрғындарын техникалық мақсаттағы  сумен қамту бойынша су көзін зерттеуге қажетті жобалық құжаттар жасақталды, алдағы уақытта су қорын анықтау жұмыстары жүргізіледі.

9 мәселе бойынша қаржылық жағдайларға байланысты, орындалуы  мерзімдері ұзартылып, ағымдағы және алдағы жылдарға көшіріліп отыр, бұлар - Әжен ауылындағы клубты күрделі жөндеу, Мұратсай, Әжен ауылдарында ауылішілік су құбырын тарту,  Хан Ордасы ауылынан саз мектебін ашуға ғимарат бөлу,    Қарасу ауылындағы клуб пен кітапхананы күрделі жөндеу, газбен қамту,  Саралжын ауылында электр трансформаторлары жабдықтарын  ауыстыру,  «М.Бегалиева» орта мектебін күрделі жөндеу жұмыстарының ЖСҚ дайындау,  «Ш.Жексенбаев» мектебі ғимаратын  күрделі жөндеуден өткізу.

3 мәселе бүгінгі күні объективті себептерге байланысты шешімін таппай отыр(Сайқын ауылында 100 орындық интернат салу, Саралжын мен Ұялы ауылдары аралығындағы тіке жолды және Саралжын ауылынан Сайқын-Орал автокөлік жолына дейінгі  26 шақырым жолды жөндеу,);

 

1 мәселе  - бүгінгі күнге  техникалық мүмкіндік болмауына байланысты жоспардан алынды (Тайғара елді мекенін Жәнібек ауданынан тартылған электр желілерінен айырып, аудандық электр желісіне қосу).