Бюджет

2016 жылы  аудандық бюджет  3 млрд. 32 млн. теңгені құрады.  2016 жыл қорытындысымен бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы - 3 млрд. 31 млн. теңге немесе   100 %.   Аудандық бюджетке 3 млрд. 95 млн. теңге түсімдер түсіп, жоспар 102,1 пайызға орындалды.  Соның ішінде, салық түсімдерінің жоспары 256 млн. теңге болса, орындалуы 311 млн. теңге немесе 121,8 %. «Дипломмен-ауылға»  бағдарламасы  бойынша жұмыс істеуге келген 25 маманға  3 млн.712 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді,  13 маманға 38 млн. 178 мың теңге  бюджеттік несие берілді.

 

Ауыл шаруашылығы

2017 жылдың 1 қаңтарына шаруашылықтарымыздың  барлық санатында  58 573 бас ірі қара, 108 334 бас қой мен ешкі, 19 728 жылқы, 1205 түйе бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малының саны - 2,5%-ға,  қой мен ешкі - 0,8,   жылқы - 5,7, түйе малы 0,1%-ға өсіп отыр. Ауданымызда 480 шаруа қожалық жұмыс атқарып келеді. Олар қарқынды дамып,  мал басын көбейтуде.  2016 жылы ауданда ірі қара малының аналығы 30 бастан асатын  225 шаруа қожалығы тіркелген.  Аудан шаруашылықтарымен 3100 тонна ет, 12 857 тонна сүт өндірілген, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ет өнімі 0,7 пайызға, сүт өнімі 0,2 пайызға өскен. Жыл басынан Ресей Федерациясына 447 тонна ірі қара малының еті, 1 тонна қой еті экпортқа шығарылды.

Ұлт жоспарының 35-қадамының орындалуы бағытында ауданда 2016 жылы жаңадан 37 шаруа қожалық ашылып, оларға 58 099 га жер телімі пайдалануға берілді. Жерді тиімді пайдаланбаған 8 шаруа қожалығы жабылып, олардың 5 009 га жері мемлекет еншісіне қайтарылды.

Аудан бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатында 5 өндірістік кооператив құрылды.

Ауданда 15 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық бар, соның ішінде 1 шаруа қожалық  («Хан ордасы» ЖШС) бактриан түйесін, 12 шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырын, 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды «Көшім» және «Жәбе» жылқыларын өсіреді.

«Сыбаға» бағдарламасы арқылы 7 шаруа қожалығы 94 млн.900 мың. тенгеге 22 асыл тұқымды бұқа, 491 бас аналық ірі қара малын алды.

«Алтын асық» бағдарламасымен 1 шаруашылық 10 млн. 500 мың. тенге несиеге 16 бас асыл тұқымды қошқар, 388 бас аналық қой сатып алып отыр.

Есепті мерзімде  шаруа қожалықтарға 487 млн. 404 мың теңге субсидия төленді.

2016 жылы 9  шебер-жоспар бойынша жұмыс жүргізілді.  5 шаруа қожалық асыл тұқымды мал сатып алса, 2 бордақылау алаңы және асыл тұқымды қой шаруашылығына жаңа қыстақ салды. Темір Масин ауылдық округінде қымыз өңдейтін цех салынуда.  Құрылыс 70 пайызға орындалды. Саралжын ауылында бордақылау алаңын салу үшін құрылыс материалдары алынды.

Жыл өткен сайын мал шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. 2016 жыл басынан лизингке 7 трактор, 6 ауыл шаруашылық техникалары алынды.

2016 жыл ішінде шаруа қожалықтар энергияның балама көздері ретінде 7 күн батареяларын орнатып, пайдалануда.

Есепті мерзімде аудан аумағында тұрақты эпизоотиялық жағдай сақталды, жануарлардың аса қауіпті аурулары тіркелген жоқ. Ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сай  393 956 бас үй жануарларлары вакцинацияланды, 330 059 бас ауыл шаруашылық малдарына диагностикалық тексерулер жасалды.   Ауыл шаруашылық малдарының бруцеллезге шалдығу көрсеткіші  мүйізді ірі қарада 0,9% (688 бас), ұсақ малда 0,02% (28 бас), түйе малында 0,2% (2 бас), жылқыда 0,7% (1 бас)  құрады. Ауру малдарды оқшаулап, санитарлық сою орындарына тасымалдау ұйымдастырылды.

 

Шағын кәсіпкерлік саласы:

2017 жылдың 1 қаңтарына ауданда 910 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, соның ішінде: заңды тұлғалар - 40, жеке тұлғалар - 870. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны - 1632 адам. Аудан кәсіпкерлерімен 5 млрд. 410 мың. теңгенің өнімі өндірілген, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 88,2 пайызға жоғары.

Жыл басынан «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында  31 кәсіпкер 60 млн. теңге несие алды. Бұл қаржыны 21 адам мал өсіруге, 10 адам тұрмысқа қажетті қызмет көрсету орындарын ашу үшін жұмсады. Осы қаржыға Бисен ауылында дәріхана ашылды. Алдағы жылы  Сайқын ауылында алма бағын өсіру ісі қолға алынатын болады. Сонымен қатар 4 адам қайтарылған қаржы есебінен өз істерін ашуға 6 млн. теңге несие алды.

Жергілікті қаражат есебінен Сайқын ауылындағы бизнес орталығына  2 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда шаштараз, ателье, аяқ-киім жөндеу, фотосалон, ағылшын тілінен курс және балаларға арналған ойын орталығы жұмыс жасауда. Аудан орталығынан қой жүнін түту және тазалау орны ашылса, Ұялы ауылында наубайхана құрылысы жүргізілуде.

«2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасымен туризм саласын дамыту бағытында, яғни сувенир жасау үшін кәсіпкер Габдушев Артур 1 млн. 30 мың теңге мемлекет грантқа ие болды.

 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы:

2017 жылдың 1 қаңтарына аудандағы экономикалық белсенді халық саны - 9 394 адам,  жұмыссыз адамдардың саны - 478 адам, жұмыссыздық деңгейі  -  0,4 % құрады.

2016 жылы 462 жаңа жұмыс орындары ашылды, соның ішінде 357-і тұрақты жұмыс орындары. 60 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 57 адам жастар практикасымен орналасты. 406 адам қоғамдық жұмыспен қамтылып, қайта даярлау және кәсіптік оқуға 27 адам жолданды.

Тағдыр тауқыметін тартқан мүгедек жандарды қоғамға бейімдеп, олардың өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау - бүгінгі заманның басты талабы.  Аудан бойынша  506 мүмкіндігі шектеулі адам бар.

2016 жыл қорытындысымен 11 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасып, 12 мүгедек қоғамдық жұмысқа жолданды, 2 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 1 адам жастар практикасы бойынша жұмысқа жолданды. 4 адам «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы арқылы несие алып, өз істерін ашты.

«Өрлеу» жобасы бойынша 51 адамы бар 10 отбасына 1 млн. 873 мың теңге төленіп, қаржы мақсатты игерілуде. Жоба аясында 9 адам тұрақты жұмысқа, 1 адам жастар практикасымен орналасып, 10 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

 

Білім беру саласы:

Ауданның білім беру жүйесінде 9 орта, 9  бастауыш мектеп, 1 колледж, 4 мектептен тыс тәрбие орталығы, 1 жасөспірімдер спорт мектебі,   4 балабақша,  9 шағын орталықтар жұмыс жасайды.

2017 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі  75,6 пайызды құрап отыр.

2016-2017 оқу жылында  2 461 оқушы білім алып, 647 педагог еңбек етуде.   Мектептер осы оқу жылында 8 жас маманмен толықты. 8 маман тұрғын үй алуға бюджеттік несие алды.

Мектеп бітірген 165 түлектің 124-і (75,15 %) тестілеуге қатысты. 5 түлекке «ерекше аттестат»  берілді. Тестілеу нәтижесі бойынша ауданның жалпы орташа көрсеткіші 73,45 балл болды, бұл 2015  жылғы көрсеткіштен 0,44 баллға төмен.

1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасы балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.   Жалпы оқушыларды ыстық тамақпен қамту көрсеткіші 81,3 пайыз. Ақылы ыстық тамақпен қамтуды көтеру арқылы 2017 жылы көрсеткішті 82 пайызға жеткізу жоспарлануда.

2016 жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 5 млн. теңге қаржы бөлініп,  2 341 оқушының   99,6 %-ы (2 331)  демалыс және сауықтыру лагерлерінде демалды.

5 мектепке 3 млн. теңгеге видео бақылау камералары орнатылды. 2017 жылы 2 мектепке (Ш.Жексенбаев, Т.Масин ат.орта мектептер) және аудандық білім беру бөліміне камералар орнатылатын болады.

КПО.б.в компаниясының қаржысына  Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев орта мектебінің  ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен Қарасу ауылының бастауыш мектебі жай жөндеуден өткізілді. Жәрменке бастауыш мектебі табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылды.

Ағымдағы жылы М.Бегалиева атындағы орта мектебін, Көктерек және Жамбыл бастауыш мектептерін күрделі жөндеу өткізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар аудан орталығындағы 70 орындық типтік интернат құрылысы үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.

Бөкей ордасы колледжінде «Тракторшы-машинисі», «Автомобиль жүргізушісі», «Электронды есептеу және электронды машиналар» «Электргаз дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 111 студент білім алуда. Колледж жанындағы жатақханада 31 студент (15 қыз, 16  ұл) тәрбиеленуде. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 78 пайыз.

 

Денсаулық сақтау саласы:

Ауданның емдеу жүйесі 18 денсаулық сақтау  ұйымдарынан тұрады, соның ішінде: 1-аудандық аурухана, 3-дәрігерлік амбулатория, 3-фельдшерлік акушерлік пункт, 11-медициналық пункт.

Емдеу мекемелерінде   33-дәрігер, 122-орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды.

2016  жылы 5  жас маман дәрігер және 6 орта буын қызметкерлер келді. Бүгінгі күні аудандық ауруханаға акушер-гинеколог, офтальмолог  дәрігерлері жетіспейді. Маман тапшылығы жұмыс жасап жүрген дәрігерлерді қайта даярлау, біліктілігін жетілдіру курстарына оқуға жіберу арқылы шешілуде.

Аудандық ауруханадағы жататын орын саны-33, күндізгі стационарларда - 60.

Былтырғы жылы туылған сәбилер саны - 285, қайтыс болған адамдар саны - 125, табиғи өсім - 160 адамды құрайды. Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауданға 2 жаңа жедел-жәрдем автокөлігі берілді. 2 медицина қызметкеріне жиһаз және тұрмыстық техникамен толықтай қамтамасыз етілген 2 бөлмелі  пәтер берілді.

Жәрмеңке және Қарасу елді-мекенінің медициналық пункттері электрикалық жылыту жүйесіне қосылды.

 

Мәдениет және спорт саласы:

Аудан бойынша  13 мәдениет үйлері мен клубтар, 1 спорт залы, 1 спорт мектебі, 22 кітапхана мен 1 тарихи-мұражай кешені халыққа қызмет көрсетуде. 2016 жылдың қорытындысымен 782 мәдени-көпшілік және 69 спорттық шаралар өткізілді. Соның ішінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасы аясында Ақжайық ауданы бізге келсе, аудан өнерпаздарынан құрылған делегация Зеленов ауданына барып, өнерлерін көрсетті.  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған іс-шаралар аясында аудан ішілік эстафеталар өтті. Хан ордасы ауылында «Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл», «Тұңғыш білім бастауы - Жәңгір мектебіне 175 жыл» толу мерекелік шаралар оздырылды, яғни Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде «Шежіре тұнған құт мекен» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция, ақындар айтысы және мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Сәуір айында аудан әкімінің жүлдесі үшін волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Оған Ресей Федерациясының және көршілес аудандардың командалары қатысты.

Бисен және Орда ауылдарында жасанды газонмен қапталған футбол алаңы салынды.

М.Бегалиева, Ш.Жексенбаев, Қ.Сағырбаев және А.Құсайынов атындағы орта мектеп аулаларына да осындай алаңдар салынды. Сайқын ауылында орталық стадионға ағымдағы жөндеу  жүргізілді. 2017 жылы аудан орталығынан спорт клубын ашу жоспарлануда.

Жергілікті бюджеттен  1 млн 750 мың теңге бөлініп,  Орда балалар және Орда ауылдық кітапханалары модельді кітапхана жүйесіне ауыстырылды. 4 млн. 122 мың теңгеге Әжен ауылының клубына жөндеу жүргізілді. Бисен ауылдық мәдениет үйі және Қарасу, Көктерек ауылдық клубтары күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді, олардың жобалық сметалық құжаттары дайын. Қарасу, Әжен, Жәрмеңке ауылдық клубтарын табиғи газбен жылыту жүйесіне қосу келесі жылдың жоспарында.

 

Қоғамдық тәртіп

2016 жыл бойынша барлығы 173 қылмыс тіркелді. Соның ішінде ауыр қылмыс түрі  65 пайызға, жалпы ұрлық 20 пайызға, мал ұрлығы 65 фактіден 37 фактіге төмендеді.  Жыл ішінде 207 жол қозғалысы ережелерін бұзушылар анықталып, 27 жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылы аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысына, ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарына және 3 учаскелік инспекторге қызметтік тұрғын үйлер сатып алынып берілді.

 

Сумен қамту

Ауданда 22 елді-мекеннің 10-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. 10 елді-мекеннің тұрғындары өз құдықтарындағы суды пайдаланады. 2 елді-мекенге су тасымалданады. Тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 62,4 пайыз. Сайқын ауылының су құбыры құрылысына 37 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс материалдары алынды. 2017 жылға бұл жұмыстарды жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 110 млн. теңге қаржы қаралды. Көктерек және Бөрлі су құбыры құрылысына республикалық бюджеттен 320 млн. теңге қаржы бөлінді, құрылыс жұмыстары 2017 жылдың наурыз айында басталады деп жоспарлануда.

Кеной елді-мекені тұрғындарының шаруашылық суға қажеттілігін өтеу үшін 2 млн 316 мың теңгеге су алу торабына (гусак) ағымдағы жөндеу жұмыстары  жүргізілді.

 

Газбен қамту

Аудандағы 22 елді мекендердің 9-ы газдандырылған. Тұрғындардың газбен қамтылу деңгейі 61 пайыз. Газдандырылған елді мекендердегі табиғи газ кіргізген аула саны - 1975, яғни 88,2 пайызды құрайды.

 

Автомобиль жолдары

Аудан  бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 378 шақырым, оның 103 шақырымы - республикалық маңызы бар автожолдар. 275 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Бұл жолдарды жәй жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары атқарылуда. Есепті мерзімде Сайқын ауылының 5,6 шақырым құрайтын ішкі асфальт жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттарына түзетулер енгізілді. 2017 жылға бұл жұмысқа 207 млн. тенге қаржы қажет етіледі.

 

Құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласы:

Сайқын ауылында 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қосымша 10 үйдің құрылысы  жүргізілуде. Сайқын ауылының бас жоспары дайындалып, бекітілді.

Жергілікті бюджет есебінен Сайқын ауылында жалға берілетін коммуналдық үйлер үшін 31 жер учаскесіне инженерлік желілер тартылды және жеке тұрғын үй құрылысы үшін Хан Ордасы ауылындағы 28 учаскеге,  аудан орталығында 10 жер учаскесіне инженерлік желілер салынды.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынатын тұрғын үйлерден басқа аудандағы аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында жеке кәсіпкер арадағы келісім негізінде  2  көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

40 жеке тұрғын үй (3997,2 ш.м.) іске қосылды.

Абаттандыру: Хан ордасы, Жиекқұм ауылдарындағы орталық парктердің қоршаулары, Хан ордасы ауылында жаяу жүргінші жолы салынды. Сайқын ауылындағы орталық паркке жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Шоңай, Жәрмеңке және Сайқын ауылдарында балаларға арналған 4 ойын және спорт алаңдары жасалды.

Сайқын және Бисен ауылдарында тұрғындардың көмегімен 4 зират қоршалды.

Елді мекендердің жасыл аймақтарын құру мақсатында Хан ордасында 6 гектар аумаққа қарағай ағаштары, Сайқын ауылында 1 гектар жерге жасыл желектер отырғызылды. Жалпы 8327 терек отырғызылып, 425 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар Орда орманына 15 га жерге қарағай отырғызылса, құм көшуін тоқтату мақсатында 80 га жерге қара терек егілді.

Бөкей ордасы небір жақсылар мен жайсаңдар шыққан қасиетті мекен. Біздің мақсатымыз - Нарын өңіріндегі оң өзгерістерді дамыту және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ауданымыздың экономикалық қуаттылығы нығайған сайын, мақсатымыз да биік болу заңды.  Біздің экономикалық жағынан қуатты, саяси жағынан сауатты, әлеуметтік жағынан мәйекті ауданға айналуымызға толық негіз бар,  сондықтан алда атқарылар жобалар мен  жоспарлар жүйелі түрде орындалады деп сендіремін.