Бюджет

2017 жылы  аудандық бюджет  3 млрд. 866 млн. теңгені құрады.  Жыл қорытындысымен бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы - 3 млрд. 866 млн. теңге немесе   100 %.   Аудандық бюджетке 3 млрд. 909 млн. теңге түсімдер түсіп, жоспар 101,1 пайызға орындалды.  Соның ішінде, салық түсімдерінің жоспары 298 млн. теңге болса, орындалуы 329 млн. теңге немесе 110,6 %. «Дипломмен–ауылға»  бағдарламасы  бойынша жұмыс істеуге келген 27 маманға  4 млн.288 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді,  12 маманға 40 млн. 842 мың теңге  бюджеттік несие берілді.

 

Ауыл шаруашылығы

2018 жылдың 1 қаңтарына шаруашылықтарымыздың  барлық санатында  64  864 бас ірі қара, 92 304 бас қой мен ешкі, 21 575 жылқы, 1 019 түйе бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малының саны – 10,7%-ға   жылқы – 9,4%-ға өссе, түйе малы 15,4%-ға ,  қой мен ешкі – 14,8%-ға кеміп отыр. Ауданымызда 509 шаруа қожалық жұмыс атқарып келеді. Олар қарқынды дамып,  мал басын көбейтуде. Аудан шаруашылықтарымен 6499 тонна ет, 12 884 тонна сүт өндірілген, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда ет өнімі 4,5 пайызға, сүт өнімі 0,2 пайызға өскен. Жыл басынан Ресей Федерациясына 447 тонна ірі қара малының еті, 1,7 тонна қой еті экпортқа шығарылды.

Ұлт жоспарының 35-қадамын орындау бағытында ауданда жаңадан ашылған 32 қожалыққа 43 634 га жер телімі пайдалануға берілді. 3 шаруа қожалығы жабылып, 1605 га жері кері қайтарылды.

Аудан бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатында 5 өндірістік кооператив құрылды.

19 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар  бар болса, соның ішінде қазақтың ақ бас сиырын өсіретін 4 шаруашылық ағымдағы жылы  жасақталды.

«Сыбаға» бағдарламасы арқылы 2 шаруа қожалығы 24 млн. тенгеге 5 асыл тұқымды бұқа, 126 бас аналық ірі қара малын алды.

«Алтын асық» бағдарламасымен 1 шаруашылық
9 млн. 500 мың. тенге несиеге 10 бас асыл тұқымды қошқар, 380 бас аналық қой сатып алып отыр.

«Құлан» бағдарламасы арқылы 1 шаруа қожалығы 9 млн. теңге несиеге 3 айғыр 32 бас жылқы аналығын алды.

Есепті мерзімде  шаруа қожалықтарға 500 млн. теңге субсидия төленді.

2017 жылы 8 шебер - жоспар бойынша  5 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал сатып алса, 3 шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. 1 шаруа қожалығы жаңадан қыстақ салып, асыл тұқымды қойларға селекциялық жұмыстарымен айналысуда, Темір Масин ауылдық округінде қымыз өңдейтін цехын  салу және цехтың құрал жабдықтарын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жыл өткен сайын мал шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. 2017 жыл басынан лизингке 34 трактор, 34 ауыл шаруашылық техникалары алынды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 3 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. «Береке», Игілік» бағдарламаларымен несие алған 62 адам 184 млн. 250 мың. теңгеге 866 бас ірі қара малын сатып алды.

Мал сою алаңдарын құру бойынша 2 ауыл шаруашылық кооперативі мал сою пункттерімен келісім-шарт жасады. Модульды мал сою пунктін салуға ниетті 1 ауыл шаруашылық кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на құжаттарын жинақтады. Саралжын ауылдық округінен «Әдемі» шаруа қожалығы  1 рефрижератор сатып алу жоспарлануда.

Есепті мерзімде аудан аумағында тұрақты эпизоотиялық жағдай сақталды, жануарлардың аса қауіпті аурулары тіркелген жоқ. Ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сай  410 774 бас үй жануарларлары вакцинацияланды, 312 703 бас ауыл шаруашылық малдарына диагностикалық тексерулер жасалды.   Ауыл шаруашылық малдарының бруцеллезге шалдығу көрсеткіші  мүйізді ірі қарада 1,4% (1105 бас), ұсақ малда 0,005% (7 бас), түйе малында 0,2% (2 бас), жылқыда 0,08% (1 бас)  құрады. Ауру малдарды оқшаулап, санитарлық сою орындарына тасымалдау ұйымдастырылды.

 

Шағын кәсіпкерлік саласы:

2018 жылдың 1 қаңтарына ауданда 969 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, соның ішінде: заңды тұлғалар – 40, жеке тұлғалар – 929. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны – 2130 адам. Аудан кәсіпкерлерімен 5 млрд. 240 млн. теңгенің өнімі өндірілген, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4 пайызға жоғары.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 13 адам 63 млн. 250 мың теңге несие алды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 кәсіпкерлік жоба, Сайқын ауылында  А.Нұрланова («Виктория»ЖК) ағылшын тілін оқыту орталығына  1 млн. 300 мың теңге және Ж.Садарова («Банзай» ЖК) жиҺаз цехына құрал-жабдықтар алуға  3 млн. теңге мемлекет гранттарына ие болып, қазіргі таңда қосымша 2 адамды жұмыспен қамтыды.

Есептік мерзімде ауданда  5 дүкен, фотосалон, шаштараз, автосервис, жиһаз салоны, наубайхана, шағын пластикалық терезе цехы, 2 сұлулық салоны, дөңгелек жөндеу орны іске қосылды.

Мәмбет ауылындағы бұрынғы алма бағын жандандыру мақсатында  кәсіпкер У.Нұрғалиев («Нұрғалиев С.» ЖК) 2 млн.теңге несие алып, аумағы 6 га жерге 190 түп алма және 100 түп шие көшеттерін отырғызды.

 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы:

2018 жылдың 1 қаңтарына аудандағы экономикалық белсенді халық саны – 8775 адам,  жұмыссыз адамдардың саны - 445 адам, жұмыссыздық деңгейі  -  5% құрады.

2017 жылы 470 жаңа жұмыс орындары ашылды, соның ішінде 316–і тұрақты жұмыс орындары. 106 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 69 адам жастар практикасымен орналасты. 421 адам қоғамдық жұмыспен қамтылып, қайта даярлау және кәсіптік оқуға 174 адам жолданды.

Аудан бойынша  508 мүмкіндігі шектеулі адам бар. 2017 жыл қорытындысымен 14 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орналасса, 7-уі қоғамдық жұмысқа, 4 адам әлеуметтік жұмыс орнына жолданды.  1 адам «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы несие алып, өз ісін ашты және 3 адам кәсіптік оқуға жолданды.

«Өрлеу» жобасы аясында 66 отбасына 16 млн. 140 мың теңге төленді.

 

Білім беру саласы:

Ауданның білім беру жүйесінде 9 орта, 9  бастауыш мектеп, 1 колледж, 4 мектептен тыс тәрбие орталығы, 1 жасөспірімдер спорт мектебі, 4 бөбекжай, 9 шағын орталықтар жұмыс жасайды.

2018 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі  83,2 пайызды құрап отыр.

2017-2018 оқу жылында  2 443 оқушы білім алып, 497 педагог еңбек етуде.   Мектептер осы оқу жылында 9 жас маманмен толықты. 4 маман тұрғын үй алуға бюджеттік несие алды.

Мектеп бітіруші түлектердің 104-і немесе 70 %-ы тестілеуге қатысты. 5 оқушыға «Алтын белгі», 8 түлекке «үздік аттестат» берілді. Тестілеу нәтижесі бойынша ауданның жалпы орташа көрсеткіші 83 балды құрап, бұрынғы жылдардағы көрсеткіштерден жоғары болды.

1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасы балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Жалпы оқушыларды ыстық тамақпен қамту көрсеткіші 80,2 пайыз.

2017 жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 5 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 299 оқушының 99,8 %-ы (2 294)  демалыс және сауықтыру лагерлерінде демалды.

ЭКСПО халықаралық көрмесіне аз қамтылған, көп балалы және озат оқушылар қатарынан 220 бала барды.  Бөлінген қаржы-8 млн. 814 мың теңге.

10 млн. 627 мың теңгеге барлық мектептерге және жатақханаларға жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Т.Масин, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептерге және білім беру бөліміне бейне бақылау камералары орнатылып, бұл жұмыстар барлық мектептерде аяқталды.

2018 жылы М.Мәметова және М.Бегалиева атындағы орта мектептері мен туризм және экология орталығын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталуда. Көктерек, Жамбыл бастауыш мектептерін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттары дайындалды.

2017 жылдың қыркүйек айынан аудан орталығында 70 орындық жаңа типтік интернат құрылысы басталды.

Аудандық балалар техникалық-шығармашылық орталығының ауласын қоршауға және авто, авиа картингодром жасақтауға  5 млн. теңге қаржы бөлінді.

Бөкей ордасы колледжінде «Автомобиль жүргізушісі», «Ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист-машинист», «Аспазшы», «Электронды есептеу және электронды машиналар», «Өндеу құрылыс жұмыстарының шебері», «Сатушы» мамандықтары бойынша 132 студент білім алуда. Колледж жанындағы жатақханада 31 студент тәрбиеленуде. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 79 пайыз.

 

Денсаулық сақтау саласы:

Ауданның емдеу жүйесі 18 денсаулық сақтау  ұйымдарынан тұрады, соның ішінде: 1-аудандық аурухана, 3-дәрігерлік амбулатория, 3-фельдшерлік акушерлік пункт, 11-медициналық пункт.

Емдеу мекемелерінде   35-дәрігер, 125-орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды.

2017  жылы 4  жас маман дәрігер және 5 орта буын қызметкерлер келді. Бүгінгі күні аудандық ауруханаға акушер-гинеколог, офтальмолог  дәрігерлері жетіспейді. Маман тапшылығы жұмыс жасап жүрген дәрігерлерді қайта даярлау, біліктілігін жетілдіру курстарына оқуға жіберу арқылы шешілуде.

Аудандық ауруханадағы жататын орын саны-33, күндізгі стационарларда - 60.

Былтырғы жылы туылған сәбилер саны – 287, қайтыс болған адамдар саны – 127, табиғи өсім – 160 адамды құрайды. Бөрлі ауылдық амбулаториялық пунктіне 1 жаңа жедел-жәрдем автокөлігі берілді.

Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек, Шоңай медициналық пункттерін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттары дайындалды

 

Мәдениет және спорт саласы:

Аудан бойынша  13 мәдениет үйлері мен клубтар,     1спорт залы, 1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, 22 кітапхана мен 1 тарихи-мұражай кешені халыққа қызмет көрсетуде. 2017 жылдың қорытындысымен 655 мәдени-көпшілік және 80 спорттық шаралар өткізілді. Соның ішінде «Ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына арналған «Қайран біздің әжелер арды ойлаған» атты облыстық байқауында аудан әжелері жүлделі 2 орынға ие болды.  «Туған жер» бағдарламасы аясында аудан көркемөнерпаздары тамыз айында Орал қаласында «Ару қалам Оралым, ән-жырымды арнадым» атты концерттік бағдарламасын ұсынса, қыркүйек айында  С.Датұлының  жылдығына 275 жылдығына орай Жымпиты ауылында өткен  мерекелік шараларға қатысты. Қазан айында М.Мәметованың 95 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Хан Ордасы ауылында күйші, домбырашы М.Айтқалиевтің 90 жылдығына орай облыстық күйшілер сайысы оздырылды.

Сәуір айында аудан әкімінің жүлдесі үшін волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Оған Ресей Федерациясының және көршілес аудандардың командалары қатысты.

Сонымен қатар З.Жиеналиевті еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир, ҚР Чемпионы, спорт шебері Н.Бірмановтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ауданаралық турнир, ҚР Құрметті спорт қайраткері, КСРО спорт шебері Ж.Жәрдемовтың жүлдесі үшін қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир және абсолютті әлем чемпионы Х.Самигуллинмен кездесу ұйымдастырылды.

Көктерек, Қарасу ауылдық клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

Қоғамдық тәртіп

2017 жыл бойынша барлығы 148 қылмыс тіркелді. Соның ішінде ауыр қылмыс түрі  33 пайызға өссе, жалпы ұрлық 51 пайызға, мал ұрлығы 37 фактіден 18 фактіге төмендеді.  Жыл ішінде 200 жол қозғалысы ережелерін бұзушылар анықталып, 20 жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылы көлік инспекторына 1 автокөлік, пробация қызметіне компьютер комплектісі және аудандық ішкі істер бөліміне 2 бейне бақылау камералары алынып берілді.

 

Сумен қамту

Ауданда 22 елді-мекеннің 13-і орталықтандырылған сумен қамтылған. 7 елді-мекеннің тұрғындары өз құдықтарындағы суды пайдаланады. 2 елді-мекенге су тасымалданады. Тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 68 пайыз.

Бөрлі, Көктерек, Жамбыл және Сайқын ауылдарының су құбыры құрылысы аяқталды. Жәрмеңке, Әжен, Қарасу, Кеңой елді-мекендерінің су құбырын тарту құрылысына ЖСҚ дайындалып сараптамаға жолданды. Тайғара, Үштерек, Шоңай  елді-мекендерінің ЖСҚ аяқталу қарсаңында. Бұл жұмыстарды аяқтаған соң, тұрғындардың сумен қамтылу деңгейі 99 пайызға жетеді.

 

Газбен қамту

Аудандағы 22 елді-мекендердің 9-ы газдандырылған. Тұрғындардың газбен қамтылу деңгейі 61 пайыз.

11 елді-мекенді газдандыру үшін  1 млрд 750 млн қаржы қаралған. Есепті мерзімде бөлінген 876 млн. 255 мың теңге толықтай игеріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, 11 елді-мекенге ауылішілік газ құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттар жасақталып, сараптамадан өткізілуде. Қарасу, Әжен, Жәрмеңке ауылдық клубтарын газдандыру үшін құжаттары дайындалуда.

 

Автомобиль жолдары

Аудан  бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 378 шақырым, оның 103 шақырымы – республикалық маңызы бар автожолдар. 275 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. «Орда» МК-ны арқылы аудандық маңызы бар 166 шақырым  жолдарға күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Есепті мерзімде Сайқын ауылының 5,6 шақырым құрайтын ішкі асфальт жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттарына түзетулер енгізілді. 2018 жылға бұл жұмысқа 156 млн. теңге қаржы қажет етіледі.

 

Құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласы:

Сайқын ауылында 5 екі пәтерлік тұрғын үй құрылысы қараша айынан бастап жүргізілуде. Сонымен қатар 16 екі пәтерлік тұрғын үйдің ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілді және 26 екі пәтерлік тұрғын үй құрылысының құжаттары  сараптамадан өтуде.

Сайқын ауылынан жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған 38 жер учаскесіне және 42 екі пәтерлік коммуналдық тұрғын үйлерге инженерлік желілер салуға ЖСҚ дайындалуда.

2017 жылы жеке тұрғындармен жалпы көлемі 2734 шаршы метрді құрайтын 30 тұрғын үй іске қосылды.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен  бұрынғы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 8 отбасына пәтер ретінде  табыс етілді.

Ауданға шаған  әуежай салуға жертелімі бөлініп, толықтай жер құжаттары алынып, мемлекеттік тіркеуден өткізілді.

Есепті мерзімде 2 млн. 469 мың теңгеге 144 шақырым электр желілері мен 24 дана трансформаторға жөндеу жүргізілді. Бисен ауылдық округінде 2 трансфроматор ауыстырылып, Саралжын ауылына жаңа трансформатор орнатылды.

Абаттандыру: Сайқын ауылында орналасқан екі саябақтың қоршауы жөндеуден өткізіліп, аталған саябақтарға су бұрқақ, қоқыс жәшіктері, отырғыштар орнатылды, брусчатка төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

 

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастауымен де аудан көлемінде жоспарлы іс-шаралар жүргізілді. Партияның аудандық филиалының 11 бастауыш ұйымдарында  1497 партия мүшесі бар.  Есепті кезеңде  партия қатарына 121 адам қабылданып, 2 партиялық конференция, 2 саяси кеңестің бюро отырысы оздырылды. Қоғамдық қабылдауларда 112 тұрғын  болып,  соның 76-ның  қойған мәселесі оң шешімін тапты.

Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады.  Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің ресми сайтында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнайы тарау тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.  Сонымен қатар аудан әкімі аппаратының ресми сайтында -4, желідегі фейсбук парақшасында – 8, аудандық «Орда жұлдызы» газетінің бетіне 7 мақала жарық көрді. 2017 жылдың тамыз айында аудан әкімшілігінің бастамасымен «Ашық әкімдік» шарасы өткізілді. Есептік кезеңде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша аудандық комиссияның 4 отырысы өткізілді. Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмыстарына орасан көңіл бөлінуде. Жалпы 2017 жылы  жеке тұлғалардан 337 өтініш келіп түсті. Оның 131-і оң шешімін тауып, 206 өтініш иелеріне түсінік жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі 87 азаматты жеке мәселелерімен қабылдады.

Соңғы 3 жылда өз лауазымдарында жіберген кемшіліктері үшін атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендігі жөнінде тәртіптік жаза алған қызметшілер болған жоқ.

 

Слайд (pdf, 1.3 Mb)