2016 жылғы 26 сәуірдегі №26-3

 Бөкей ордасы аудандық мәслихатының

                                              шешіміне қосымша

 

Бөкей ордасы ауданында  жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткiзу бойынша қосымша реттелген тәртібі

 

1. Жалпы ережелер

1. Осы жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңына (одан әрі - Заң) сәйкес әзірленіп, Бөкей ордасы ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттейді.

2. Заңдарда жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандары ретiнде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсiну керек.

 

2. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу

3. Бөкей ордасы ауданының әкімдігіне (одан әрі - Әкімдік) жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш беріледі.

4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш, оны өткізу белгіленген мерзімінен кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараның  мақсаты, нысаны, өткізілетін орны немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген күні көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі Әкімдікте тіркелген күннен бастап есептеледі.

5. Әкімдік өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылдаған шешім туралы хабарлайды.

6. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткiзу туралы өтiнiш беру кезінде осы тәртіптің 4-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда (яғни, рәсімдік талаптар), ол митингтер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда Әкімдікпен жол берілген кемшілікті жаңа өтініш беру жолымен жоюды ұсына отырып, түсіндіру мазмұнындағы ресми жауап қайтарады. Жаңа өтінішті қарау мерзімі оның тiркелген күнiнен бастап есептеледi.

7. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрациялар  өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

8. Шараларға  ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:

1) көліктің  және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;

2) елді мекендегі инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;

3) Әкімдіктің келісімінсіз киіз үйлер, шатырлар өзге де уақытша құрылыстар  тұрғызуына;

4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал  келтіруіне;

5) заңды тұлғалардың жеке меншіктеріне және азаматтарға материалдық шығын келтіретін, адамдардың денсаулығы мен өміріне қарсы қолданылатын, сондай-ақ басқа да арнайы дайындалған немесе бейімделген заттар, суық, ату және басқа да қарулардың болуына;

6) алкогольдік ішімдік ішкен және есірткі қабылдаған жағдайда митингке, шеруге, пикетке немесе демонстрацияға қатысуға;

7) қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға, нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк араздықты, дiни төзiмсiздiктi, тектiк астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғуға бағытталған транспаранттарды, ұрандар және басқа да материалдарды (визуалды, аудио/видео) қолдануға;

8) алкагольдік ішімдіктер ішуге, есірткі заттарды қолдануға, психотропты заттарды, соған ұқсас заттарды және прекурсорларды пайдалануға;

9) шараны өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етушi мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.

9. Бөкей ордасы ауданында митингтер мен жиналыстарды өткізу орыны Сайқын ауылы, Т. Жароков пен Қазақстан көшесі қиылысындағы алаңы белгіленсін.

10. Бөкей ордасы ауданында шеру және демонстрация өткізетін орынның маршруты болып Сайқын ауылы, Т. Жароков көшесі бойымен Қазақстан көшесі қиылысына дейін белгіленсін.

11. Әкімдікпен белгіленген жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу орындары видео бақылау камераларымен, орындықтармен, жарықпен және күл-қоқыс салатын жәшіктермен жабдықталады.

12.  Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес, белгілі уақытта, келісілген орында жүргізілуі тиіс.

13. Пикеттің жүргізілуі басқа формаға өзгерген жағдайда (митинг, жиналыс, шеру, демонстрация), Әкімдіктен белгіленген тәртіпке сәйкес рұқсат алуы қажет.

14. Әкімдік бір уақытта, бір күнде және бір орында кемінде 3 жеке дара пикет өткізуге рұқсат етуі мүмкін.

Әртүрлі жекелеген пикеттердің қатысушылары бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта тұруы керек.

 

3. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

15. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi. 

Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекетке келтiрген материалдық залалы үшiн заңда белгiленген тәртiп бойынша өтем жасалуға тиiс. 

Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткiзiлетiн жерде қоғамдық тәртiптi сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөнiндегi туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейді.



рисунок