Елімізде 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау басталатыны белгілі.  Мұндағы мақсат - көлеңкелі экономика және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай - ақ, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып отыр. Сол үшін салықтық әкімшілендіруді жетілдіру саласындағы негізгі іс - шаралардың бірі ретінде экономиканың көлеңкелі секторының көлемін қысқарту барысында жеке тұлғалардың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауға кезең - кезеңімен көшіру көзделуде.

Еске сала кетейік, өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының кірістері мен мүлкін декларациялауға құқықтық негізді белгілейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Сонымен қатар, бұл бастама Елбасының Ұлт жоспары - бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында көрініс тапты. Сондай - ақ, ол Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын, Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны орындау аясында әзірленді. Жалпы, осы декларация, оның талаптары жөнінде біз не білеміз? Ол туралы бізге Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыс басқармасының басшысы  Батырбек ЮСУПОВ толық түсіндіріп берді.

- Декларация жүйесінің өзі екі түрге бөлінеді.Оның біріншісі, бір рет қана тапсырылатын «кіріс» декларациясы.Онда жеке тұлғалар жыл басында елімізде және шетелдегі жинақталған қаражаты және мүлкі туралы мәліметтерін көрсетеді, сондай - ақ, өзінің басқа адамдарға қарыздарын және егер бар болса, керісінше, басқа адамдардың өзіне қарызын көрсетеді. «Екінші құжат «жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация» деп аталады және ол жыл сайын тапсырылады. Онда бір жыл ішінде алған табысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті, сатып алынған және сатқан мүлкі туралы мәлімет көрсетіледі.Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама субъектілері болып табылатын мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, сот төрешілері және басқа адамдар кезекті декларацияда жоғарыда көрсетілген мүліктерді сатып алған шығыстарының көздерін көрсетуге тиіс болады. Бұл ретте, табысы жоқ тұлғалар, немесе мемлекеттік қызметші, депутат, сот төрешілері өз бетінше жұмыс жасайтын адамдар болып табылмайтын, тек еңбек ақы немесе зейнетақы түрінде ғана табыстарды алатын тұлғалар, декларацияны бір парақтағы оңайлатылған нысанда тапсыратын болады. Сонымен қатар, Заңмен салық шегерімдерін кеңейту қарастырылып отыр. Осылайша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті зейнетақы төлемдері, ең төменгі айлық есептік көрсеткіш, ерікті зейнетақы төлемдері, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйақыларын төлеуге жұмсалған шығыстары, Тұрғын - үй құрылыс жинақ банкінен алған қарыздар бойынша сыйақыларды төлеуге бағытталған сомалары, медициналық қызметтерге жұмсалған шығындарды төлеуге бағытталған шығыстарды төлеу түріндегі қолданыстағы салық шегерімдерінен бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ерікті медициналық сақтандыру, көп балалы отбасылар үшін, білім алуға жұмсалған шығыстары бойынша, мемлекетіміздің кез - келген банкінен алынған ипотекалық тұрғын - үй қарыздары бойынша сыйақыларды төлеуге салық шегерімдері қолданылатын болады. Тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген салық бақылауы мақсатында сонымен қатар, үшінші тұлғалардан алынған мәліметтер қолданылады. Сондай - ақ, жеке тұлғаның жариялаған табыстары шын мәніндегі табыстарына сәйкес келмеген жағдайда, жанама әдіспен анықталған табыстан жеке табыс салығын есептеу бойынша норма қарастырылған. Заңмен қарастырылған шаралардың іске асырылуы салық салудан жалтаруды анықтау және көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатында толыққанды бақылауды жүзеге асыруға ықпал ететін болады. Мүлікті жалпыға бірдей декларациялау екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең, яғни 2017 жылы декларацияны депутаттар, сот төрешілері, мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары ұсынатын болады. Сол жылы мүлік пен табысты декларациялауға ұлттық компаниялардың әкімшілік қызметкерлері мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлерді қатыстыру ұсынылып отыр. 2017 жылы айтылған тұлғалар «активтер мен міндеттемелер» жөніндегі 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі өздерінің елдегі және шетелдегі мүлкі, табысы туралы декларация ұсынуы қажет. Бірінші кезең бойынша декларациялау жүйесіне тұрғындардың барынша дайындалған бөлігін тарту көзделген. Бір мәрте ұсынылатын «кіріс декларациясы», яғни активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлға жыл басына мүліктері мен жинақ қаражаттары жөнінде, соның ішінде шетелдегі, сондай - ақ, өзінің барлық қарыздарын, яғни оған және ол кімге қарыз, соның барлығын бейнелейтін мәліметтерді көрсетеді. Кіріс декларациясында мүлік, ақша, құнды қағаздар, жер телімдері, көлік құралдары, банктік мәліметтер - кредиттер,депозиттер туралы ақпарат бейнеленеді. Бұл ретте айта кетер жайт, банктік мәліметтердің декларациясы әрине, депозиттер мен кредиттер шетел банкінде болғанда ғана жұмсалады. 2018 жылдан бастап 2017 жылы кіріс декларациясын ұсынған тұлғалар жыл сайын мүлік пен табыс декларациясын ұсынып отыруға міндеттеледі. Онда жыл сайынғы кірістер, мүлікке ие болу, жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар секілді бағалы заттар көрсетілетін болады. Сондықтан алдағы науқанға немқұрайлы қарамауымыз керек. Өйткені, Елбасымыз өзінің Жолдауында, «мүлікті жариялау, бұл жалпыға бірдей декларациялауға көшудің алдында беріліп отырған соңғы мүмкіншілік»  деп, оның енді қайталанбайтынын ескерткен болатын. Тағы бір айта кететін жайт- конвенсия туралы. Қазақстан Республикасы 2011 жылдың 2 мамырынан бастап Страсбург Конвенциясының мүшесі, оған 90 ел, 29 оффшорлық аймақтар қол қойған. Бұл Конвенцияның шеңберінде қол қойған елдер, салықтан жалтаруға байланысты әртүрлі мәліметтерді бірінен бірі алып отырады. Сонымен қатар, жалтарылған салықтарды өндіруге де өзара көмек көрсетеді. Демек, біздің елде салықтан жалтару, шетелдегі мүлкі мен қаржысын жасыру деген болашақта болмайды. Оның алдын алу үшін қазір жүріп жатқан мүлік жариялау науқанына қатысу қажет. Ол кезде жарияланған мүлік қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жаапкершілікке тартылмайды және де тәркіленбейді. Ал, декларацияда көрсетілген мәліметтер, салықтық, банктік және де заңмен қорғалған басқа да  ақпараттар құпия сақталатын болады. Ол құпиялықты бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан, беріліп отырған мүмкіншіліктерді пайдаланғанымыз дұрыс деп есептеймін.

 

Бөкей ордасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы