Жер учаскелерiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) беру тәртiбi Қазақстан Республикасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» және Жер Кодекстерінде белгiленген. Жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кірістер органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді табыс етедi. Жер учаскесiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.

Жеке кәсіпкерлер ағымдағы төлемақы сомаларын бюджетке ағымдағы жылдың 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан және 25 қарашасынан кешiктiрмей тең үлестермен төлейдi. Ал, жеке тұлғалар төлемақы сомаларын есептi салық кезеңiнiң 25 ақпанынан кешiктiрмей, жер учаскесi белгiленген мерзiмнен кейiн алынған жағдайда, төлемақыны төлеу жер учаскесiн өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға алған айдан кейiнгi айдың 25-інен кешiктiрілмей жүргізіледі.

Концессия шартында көрсетілген, бірақ өтемін төлеп уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған концессия шартын іске асыру мақсатында берілген жер учаскелері бойынша концессионер төлемақы төлеушілер болып табылмайды. Мемлекет өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға беретін жер учаскесі салық салу объектісі болып табылады.

Бөкей ордасы ауданы бойынша

мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы

Т.Дауленов