Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №185 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары бекітілді.

Ауданымызда мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылуда. Кезек үш түрлі: 1) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің және мемлекеттік сайланбалы орында қызмет атқаратын адамдар кезегі; 2) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтардың кезегі; 3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж жетімдердің, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың кезегі. Тұрғын үй кезегі ауданымыздың bokeyorda-bko.gov.kz ресми сайтында орналасқан.

Күні бүгін аталмыш кезекте 148 адам (біріншісінде 80, екіншісінде 54, үшіншісінде 14) тіркеулі тұр. Кезекте тұрған азаматтар жыл сайын құжаттарын жаңартып тұруы шарт, яғни, олар құжаттарын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне (байланыс телефоны 8(71140) 21-7-35) тапсырулары керек. Ал, мемлекеттік тұрғын үйге есепке тұру үшін мынадай құжаттарды аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) береді:

1) есепке қою туралы өтініш;

2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің көшірмелері;

3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктерінің көшірмелері;

4) отбасы туралы ауылдық округ әкімдігінің анықтамасы;

5) аумақтық әділет органының анықтамасы (өтініш берушіден және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің бар-жоғы туралы (Ф-1);

6) тиісті елді мекенде тұратынын растайтын аумақтық әділет органының анықтамасы;

7) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын қосымша құжат;

8) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесіне соңғы екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметті қосымша ұсынады;

9) мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады;

10) отбасы тұратын тұрғын үй-жайларда екі және одан да көп отбасы тұрып жатқан болса, өтініш берушілер тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.

Ендеше, белгіленген заң шеңберінде өз мүмкіндігіңізді пайдалана біліңіздер, жерлестер!

Е.ХАЙЫРОВ,

аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы.