Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 және «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы» 2014 жылғы 12 ақпандағы №80 қаулыларына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Тақырыбы мынадай редакцияда жазылды: «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және қағидаларын бекіту туралы». Ол  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығымен бекітілді.

Осы бұйрық негізінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келгендерге 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшін 15 (он бес) жылға дейінгі мерзімге, шарт жасасу арқылы жылдық 0,01 пайыз мөлшеріндегі өтеммен несие (1500 айлық есептік көрсеткіш тең сома) беріледі.

Мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін аудан әкімдігінде аудандық мәслихат депутаттарынан, ауданның атқарушы органдарының және қоғамдық өкілдерден тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылған. Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген маман әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізу үшін аудандық экономика және қаржы бөліміне өтінішіне қоса мынадай құжаттарды тапсыруы керек:

1.Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2 .Жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек кітапшасының көшірмесі;

3. Білім туралы дипломның көшірмесі;

4. Сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;

5. Көші-қон қызметінен алдыңғы тіркелген жері туралы мәліметтер;

6. Тиісті елді мекенде тұратындығын растайтын тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы;

7. Неке туралы куәлік көшірмесі (некеде тұрған мамандар үшін);

8. Аталған ауылдық елді мекенде маманның, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтама.

 Құжаттарды салыстыру үшін түпнұсқа мен көшірме бірдей ұсынылады. Түпнұсқалар кейін маманға қайтарылады.

Ауданымызда 2015 жылға 15 маманға республикалық бюджеттен 44595,0 мың теңге бюджеттік кредит, 25 маманға 3468,5 мың теңге көтерме жәрдемақы бөлінді.

Н.ТЕМІРБАЕВ,

аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.