Ауданымызда мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №185 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сай жүргізілуде. 2014 жылы 6 адам, атап айтсақ, Туғанбек Билялов, Ақжарқын Қабдошева, Қайырбек Сүндетов, Төлеген Жұмағалиев, Рабиға Байтөрина, Динара Түребаева жаңа баспанаға қол жеткізді. 2015 жылы тұрғын үй салынбауына байланысты мемлекеттік тұрғын үй қорынан ешкімге үй берілмеді.

Мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы іске асады. Төрт түрлі кезек бар: 1. мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдардың кезегі; 2. халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың кезегі; 3. жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың кезегі; 4. тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтардың тізімі. (Тұрғын үй кезегі ауданымыздың bokeyorda-bko.gov.kz ресми сайтында орналасқан).

Жалпы, 2015 жылы аудан бойынша 12 адам кезекке қойылса, қазіргі таңда 152 адам тұр. Атап айтсақ, бірінші кезекке 81, екіншісінде 55, үшіншісінде 15, төртіншісінде 1 адам. Кезекте тұрған адамдардың есебіне жыл сайын түгендеу жүргізіледі. Соған байланысты құжаттарын жаңартырып тұруы қажет. Кезекте тұрғандар тиісті анықтамаларды: Сайқын ауылы Т.Жароков көшесі 31 үйге келіп, аудандық ТҮКШЖК және АЖ бөліміне тапсыруы тиіс. 8(71140) 21-7-35 байланыс телефон арқылы да ақпарат алуға болады.

Тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған азаматтар үшін қажетті құжаттар тізімі:

1) өтініш иесінің және оның отбасы мүшелерінің жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмелері;

2) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктердің көшірмелері;

3)аумақтық әділет органының анықтамасы (өтініш беруші мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелері меншігінде тұрғын үйдің бар-жоқтығы туралы Ф-1);

4) жергілікті ауылдық округі әкімінің отбасы туралы анықтамасы;

5) тиісті елді мекенде тұратынын растайтын аумақтық әділет органының анықтамасы;

6) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжаты;

7) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесіне соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметі;

8) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтама алуға мінетті;

9) тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар осы фактіні растайтын құжаттарын тапсыруы керек;

10) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмеген немесе жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жағдайларда екі және одан да көп отбасы тұрып жатқан немесе отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда, өтініш берушілер тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.

Е.ХАЙЫРОВ,

аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық,

 

жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.