2016 жылдан бастап біздің аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы да «Өрлеу» пилоттық жобасы қолға алына бастады. Бұл отбасындағы еңбекке қабілетті мүшелердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесетін мемлекеттік шара. Қажет болған жағдайда, еңбекке қабілеттілерін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасына шартты ақшалай көмек беретін бағдарлама. Шартты ақшалай көмек (бұдан әрі - ШАК) - отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарт талаптары бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен жеке тұлғаларға немесе отбасыларға мемлекет беретін ақшалай төлем. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты - «Өрлеу» жобасына қатысу үшін отбасы атынан әрекет ететін еңбекке қабілетті жеке тұлға мен уәкілетті орган арасында тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім жасалады. Отбасыға көмектің жеке жоспары (бұдан әрі - жеке жоспар) - уәкілетті орган өтініш берушімен бірлесіп әзірлеген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу бойынша іс-шаралар кешені. Отбасының құрамы өзгерген жағдайда, ол қайта есептеледі. Жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасына ШАК - отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма мен кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы мөлшерінде төленеді.

Жан басына шаққандағы орташа табыс ШАК тағайындауға жүгінген айдың алдындағы 3 айда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты қолданылатын мерзім ішінде қайта қаралмайды.

ШАК отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты қолданылатын мерзімге беріледі және үміткердің өтініші бойынша ай сайын немесе үш ай үшін бір мезгілде төленеді. Оның біржолғы сомасы бұрынғы қарыздарды өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметтерді жүзеге асыруға арналған шығындардан басқа, әлеуметтік келісім-шарт бойынша міндеттерді орындауға байланысты іс-шараларға ғана, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу), жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс.

Қысқасы, үміткер «Өрлеу» жобасына қатысу үшін жеке өзінің немесе отбасының атынан тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне хабарласа алады.

Бисен ҚАДЫРОВ,

 

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы.