2012 жылғы 25 мамырдағы №678 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, ҚР бүкіл аумағында: тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылысы машиналары мен механизмдерiн, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқау жүргізудің бірыңғай тәртібі белгіленген. Аудан бойынша жеке және заңды тұлғалардың иелігінде әр түрлі маркалы 630 трактор, 16 комбайн және трактор тіркемелері тіркеуге алынған. Жылына бір рет техникалық байқаудан өткізуге жеке және заңды тұлғалардың иелігіндегі және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде есепте турған техникалар жатады. Мемлекеттік техникалық байқау шаруа қожалықтары, ұйымдар мен мекемелер үшін олардың ведомстволық бағынушылығына қарамастан, сондай-ақ техникалары бар азаматтар (иеленушілер) үшін міндетті болып табылады. Машиналарды мемлекеттiк техникалық байқаудан өткізу олардың техникалық жай-күйiн бағалау, олардың санын, тиесілілігін және басқа да тiркеу деректерін нақтылау, техникалық пайдалану және қауiпсiздiк техникасы қағидаларын өрескел бұзушылықтарды және қоршаған ортаның экологиялық жай-күйiне әсер ететін бұзылулардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында жүргiзiледi. Машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу маусымдық дала жұмыстары басталар алдында тұрған жері бойынша немесе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі белгіленген мерзімде жүргізіледі және маусымдық дала жұмыстары басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын аяқталады.

Шығарылғанына үш жыл толмаған жаңа машиналарды техникалық байқаудан өткізу тіркеу пункттерінде тіркелгеннен кейін алғашқы үш жыл ішінде бір рет олардың техникалық жай-күйін тексермей жүргізіледі. Техникалық жай-күйi жасаушы-зауыттың нұсқаулығына, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi жөнiндегi мемлекеттiк стандарттарға сәйкес келетiн толық жабдықталған машина ақаусыз деп есептеледі.

Заңды тұлғалар машиналарды мемлекеттік техникалық байқаудан өткізуге мыналарды ұсынады:

1) маркасын және моделiн, шығарылған жылын, машинаның және қозғалтқыштың зауыттық нөмiрiн, сериясын және мемлекеттiк нөмiрлiк белгiсінің нөмірін көрсетiп, теңгерімде тұрған машиналар тiзiмi;

2) машинаға тiркеу құжаты (техникалық паспорт);

3) бекітілген нысандағы заңды тұлғаның мөрiмен расталған механикалық көлік құралдарын мемлекеттiк техникалық байқаудан өткізу aктici (2 дана);

4) көлік құралдарына салық төленгенін растайтын құжат не көлік құралдарына салық төлеуден босатылғанын растайтын құжат.

Жеке тұлғалар машиналарды мемлекеттік техникалық байқаудан өткізуге мыналарды ұсынады:

1) азаматтың жеке басын куәландыратын құжат;

2) тұлғаның мүддесiн білдіруге азаматтың өкілеттігін куәландыратын сенімхат;

3) машинаға тiркеу құжаты (техникалық паспорт);

4) көлiк құралдарына салық төленгенiн растайтын құжат не көлiк құралдарына салық төлеуден босатылғанын растайтын құжат.

Жеке және заңды тұлғалар өздерінің иелігіндегі машиналардың техникалық жәй-күйін  байқаудан өткізу үшін бекітілген кестеге сәйкес белгіленген жерге әкелуі қажет.

Мемлекеттік техникалық байқауға белгіленген мерзімде әкелінбеген, нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін не жол қозғалысының куіпсіздігіне және қоршаған ортаны қорғауға қауіп төндіретін ақаулары бар машиналар ақаулы деп есептеледі және Жол  қозғалысының ережелерiне сәйкес оларды пайдалануға тыйым салынады.

 

Бөкей ордасы ауданының ауыл

шаруашылығы және ветеринария

бөлімінің бас маманы                                                Т. Абдрешов