ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықтың назарына ұсынған Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасының ЕСЕП БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТ тарауындағы 99-шы қадамында, жергілікті жерде құрылатын ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылауды көздейді. Өздерініңге белгілі «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң 2015 жылғы 2 қарашада қабылданып 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Ол халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтардың және қоғамның кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.  Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты, азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады.

Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2016 жылдың 19 ақпандағы  № 29-4 шешімімен 25 адамнан аудандық  Қоғамдық кеңестің құрамы және Қоғамдық кеңестің ережесі бекітілген болатын. Кеңес мүшелерінің 5-і үкіметтік емес ұйым өкілдері болса, 5-і бизнестік құрылымнан, 15-і мемлекеттік органдар өкілдері. 20-ы ер адамдар, 5-і әйелдер. Сонымен қатар 7 адамнан Қоғамдық  кеңестің алқа мүшелері сайланды.

Қоғамдық кеңесінің негізгі қызмет бағыттары бойынша 4 комиссия құрылды.

  1. Қоғамдық мониторингті, қоғамдық тыңдауды, қоғамдық талдауды және есептерді тыңдауды ұйымдастыру жөніндегі комиссия;
  2. Тұрғындардың әлеуметтік мәселелері, әлеуметтік жобалар мен денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт және жастар саясаты жөніндегі комиссия;
  3. Ауыл шаруашылығы, табиғатты пайдалану, экологиялық қауіпсіздік пен төтенше жағдайлар және экономика мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия;
  4. Құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен өзара ынтымақтастық жөніндегі комиссия.

Аудандық қоғамдық кеңесі отырысында 2017 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, 21 мәселе қарастырылды.

Жұмыс жоспарына сәйкес 2017 жылдың бірінші тоқсанында Бөкей ордасы ауданының әкімі Н.Рахымжановтың, аудандық мәслихат хатшысы Е.Таңатовтың және аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы С.Таңатовтың 2017 жылы атқарған жұмыстарының есептері және басқа да мәселелер кеңес отырыстарында тыңдалды. 2017 жылы аудандық Қоғамдық кеңес 7 рет өзінің отырысын өткізді. Қоғамдық кеңестің отырысында барлығы  36 мәселе қаралды, соның ішінде бюджеттің орындалуы, әлеуметтік қолдау, медицина, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жайылымдық жерлерді пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды.

Есепті мерзім ішінде 14 мемлекеттік органдар басшыларының есептері талқыланды.  Сонымен қатар азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 16 нормативтік құқықтық актілердің жобалары талқыланып, қортынды ұсынымдар берілді. Қаралған шешім жобаларынан жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін нормалар анықталған жоқ.

Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізіп, толыққанды жұмыс жасауы үшін аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаты тарапынан көмек көрсетіліп отырылады. Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігінің ресми сайты ішінен қоғамдық кеңеске арналған бөлім ашылып, бүгінгі күнде қоғамдық кеңестің қызметіне байланысты барлық ақпараттар жариялануда. Аудан жұртшылығының қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарынан хабардар болуы үшін аудандық Қоғамдық кеңесте қаралған мәселелер аудандық «Орда жұлдызы» газетіне үнемі жарияланып отырылады. Ағымдағы жылдың 13 қарашасы күні  Елордада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті. Басқосуда қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мен осы бағытта оң тәжірибелермен алмасу жайы, сондай-ақ олардың мемлекеттік органдардың арасында өзара ынтымақтастыққа негізделген әріптестік аясын одан әрі дамытудың тетіктері мен бағыттары талқыланды. Осы Республикалық мәжіліске облыс делегациясымен бірге аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Джумагулова Бибигуль Мұқасқызы қатынасты.

Сонымен қатар қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарымыз бар: былтырғы жылы облыстық деңгейдегі Қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жиындарында Қоғамдық кеңестің қаржы- экономикалық негіздері жөнінде мәселе қозғалған болатын алайда әзірге шешімін таппай отыр. Мысалы: біздің аудан жағдайында кеңес құрамына сайланған азаматтардың бірқатары аудан орталығынан шалғайдағы ауылдық округтерде тұратын азаматтар. Олардың іс-сапар шығындарын өтеу, кеңес мүшелерінің белсенді қызметін қамтамасыз етуге байланысты материалдық көтермелеудің қаржылай шығыстары заң тұрғысында қарастырылмаған.

Алдағы уақытта қоғамдық кеңестер туралы заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, жоғарыда айтылған мәселелер оң шешімін тапса қоғамдық кеңес мүшелерінің белсендігі артып, қоғамдық кеңестің жұмысы нәтижелі болады деп есептеймін.

Қорыта айтқанда Қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, елді-мекендердегі, ауыл-аймақтағы тұрақтылық пен ауызбірлікті сақтау, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, қолжетімділік,  тұрғындардың билікке деген сенімін қалыптастыру, олардың арыз-шағымдарына сергектікпен қарау, әлеуметтік мәселелерді шешу, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықты болдырмау секілді күрделі мәселелерді шешу бағытында аудандық  Қоғамдық кеңесі  нәтижелі іс тындырды деп толық айтуға болады.

 

Бөкей ордасы ауданы Қоғамдық

кеңесінің төрағасы                                                                       С.Х.Таңатов